Басты жаңалықтар

Ясауи мұрасы талқыланды

Түркістанда Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын кеңінен дәріптеуге арналған «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық жобасы басталды.

Семинарда ғалымдар мен зиялы қауым Ясауи ілімінің бүгінгі қоғамдағы маңызы мен оны жастарға насихаттау жолдарын талқылады.


Түркістан қаласындағы «Достық» үйінде өткен «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинарына мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, теологтар, дінтанушылар, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өңір басшысының құттықтауын жеткізіп, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеп, кеңінен насихаттау ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңызды бағыты екенін айтты.


Семинар барысында ғалымдар Ясауи ілімінің тарихи және рухани маңызына тоқталды. Теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай ұлы ойшылдың түркі дүниесіндегі орны туралы баяндама жасаса, дінтанушы Сержан Оразбай «Диуани хикметтегі» адамгершілік пен имандылық құндылықтарын түсіндірді. Ал «Яссауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бауыржан Сайфунов Ясауи мұрасының ұлттық сананы қалыптастырудағы рөлін сөз етті.


Қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи мұрасын ғылыми зерттеу, жастар арасында кеңінен таныту және рухани құндылықтарды қоғамда дәріптеу бағытында пікір алмасты. Сарапшылар бұл мұра ұлттық бірлікті нығайтып, рухани қауіпсіздікті сақтауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.


«Ясауи керуені» жобасы алдағы уақытта Түркістан облысының барлық қала және ауданында жалғасады. Жоба аясында ғылыми кездесулер, семинарлар мен рухани-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындарға Ясауи мұрасы кеңінен таныстырылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button