78 миллион долларға не салынады?
Түркістан облысына жаңа инвестициялық жобалар келеді.

Қазақстан–Өзбекстан бизнес-форумында жалпы құны 78 млн АҚШ долларын құрайтын меморандумдарға қол қойылды.
Ақтауда өткен «Қазақстан – Өзбекстан: бірлескен жобалар және өсудің жаңа мүмкіндіктері» бизнес-форумында Түркістан облысы үшін маңызды келісімдер жасалды.

Ең ірі жоба – 47 млн долларлық металл өңдеу зауыты. Мұнда профлист, металл құбырлары, сэндвич-панельдер және жеңіл болат конструкциялары өндіріледі.
Сонымен қатар 2 млн АҚШ долларына күнбағыс майын өндіретін зауыт іске қосылады. 5 млн АҚШ долларына жүгеріні терең өңдеу және оны экспортқа шығару жобасы жүзеге асады.

Бұдан бөлек, 12 млн АҚШ долларына ет өңдеу кешенінің өнімдерін сыртқы нарыққа шығару жобасы қолға алынса, тағы 12 млн АҚШ долларына тұқы (карп) өсіретін заманауи балық шаруашылығы кешені салынады.
Жаңа жобалар өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, өңірге инвестиция тартып, экспорт әлеуетін күшейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Форум аясында екі елдің кәсіпкерлері өндірістік кооперация, көлік-логистика, сауда және экспортты дамыту бағыттарын талқылады.



