Келесте 339 кәсіпке қолдау көрсетілді

Келес ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда жалпы құны 2 млрд теңгені құрайтын 339 жоба қаржыландырылып, 750 жаңа жұмыс орны ашылды. Мемлекеттік қолдау ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға серпін беріп, жаңа өндірістердің көбеюіне жол ашты.
2023–2025 жылдары жүзеге асқан бағдарлама аясында мал және өсімдік шаруашылығы, жылыжай кешендері, өндірістік кооперативтер мен шағын кәсіпкерлік бағытындағы жобалар жеңілдетілген қаржыландыруға ие болды.

Бүгінде Келес ауданында бағдарламаның нәтижесінде жүзім шаруашылығы, шұлық өндірісі, сүт өнімдерін өңдеу және жылыжай шаруашылығы бойынша кәсіпорындар табысты жұмыс істеп келеді. Бұл жобалар ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, өңір экономикасының дамуына үлес қосуда.

Мемлекеттік қолдау алдағы жылы жалғасады. 2026 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 154 жобаны қаржыландырып, 310 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
«Ауыл аманаты» – ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама. Жоба аясында ауылда кәсіп ашқысы келетін азаматтарға жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен шағын несие беріледі.
Бағдарлама арқылы бөлінетін қаржы мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, жылыжай жобалары мен өндірістік кооперативтер құруға, сондай-ақ ауылдағы шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталады.
Келес ауданында жүзеге асып жатқан жобалар мемлекеттік қолдаудың ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және тұрғындардың табысын арттыруға нақты мүмкіндік беріп отырғанын көрсетеді.



