БІЛІМ МАЙДАНЫНЫҢ БАТЫРЫ
36 жылдан бері №31 Абай атындағы мектепте еңбек етіп келе жатқан ұстаздың ерлігі

Ерлік тек қару асынып, шеп бұзу емес. Нағыз ерлік 36 жыл бойы бір мектептің қара шаңырағында тапжылмай еңбек етіп, ұлттың болашағын тәрбиелеу. Біздің кейіпкеріміз Расулхан Абдраманов елді қарумен емес, қаламмен, Абайдың асыл сөзімен және ұстаздық адалдығымен қорғап келеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарды бастан өткеріп, бүгінгі жаһандану заманына дейінгі бүтін бір дәуірдің куәгері болған ұстаздың өмірі – өз ісіне деген шексіз берілгендіктің үлгісі. Жасанды интеллект жаулаған заманда бала жанын әдебиет пен сахна арқылы оятып, мектеп ауласына Абай ескерткішін орнатуға мұрындық болған Расулхан ағайдың «білім майданындағы» парасатты қызметі жайлы бүгінгі сұхбатымыздан оқи аласыздар.

«ҚЫЗЫЛ ГҮЛІМ-АЙ ӘНІМЕН ЖҰМЫСҚА КІРДІМ…»
Расулхан ағай, сіздің ұстаздық жолыңыз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келіпті. 36 жыл бір мектепте еңбек ету нағыз адалдықтың белгісі. Бәрі неден басталды?
Иә, мен бұл мектептің табалдырығын 1990 жылы аттадым. Ол кезде бұл жер теміржолшылардың балаларына арналған мектеп-интернат болатын. Қызығы сол, мен алғашқыда музыка маманы, баян аспабында ойнаушы болып жұмысқа кірдім. Бірақ заман ағымы мені түрлі белестерге жетеледі. Тәрбиеші де болдым, кейін араб тілінен дәріс бердім. 1991 жылы мектеп бағдарламасына «Көне жазу» пәні енді. Менің арабша сауатым бар еді, соны білген басшылық осы пәнді маған сеніп тапсырды. Оқу құралы деген атымен жоқ. Оқушыларға «Шаңырақ» газетін тауып әкеліп, мешіттерден «Әптиекті» кітапшасын алып, сонымен 2000 жылға дейін араб тілінен сабақ бердім. Кейін пән жабылған соң қазақ тілі мен әдебиетіне бет бұрып, грантта оқып, кәсіби ұстаздық жолымды бастадым.
Егер тағдыр сізді мектепке әкелмегенде, бүгін кім болар едіңіз? Жалпы, бала кезгі арманыңыз қандай еді?
Бала күнімде музыкаға өте жақын болдым. Соқпалы аспаптарда ойнасам деп армандайтынмын, қобыздың үніне елтіп өстім. Бірақ қызығы сол, мен кәсіби музыкалық білімім болмаса да, мектепке музыка аспаның арқасында қабылдандым.
Дипломыңыз болмаса да, мектепке қалай жұмысқа алды? Бұл бір қызық хикая сияқты…
1990 жылдың қарашасы еді. Жолдас баламның анасы мектепте оқу ісінің меңгерушісі болатын. Сол кісі мектеп-интернаттағы балалардың туған күн кешін өткізуге баянмен сүйемелдейтін адам таппай, маған қолқа салды. «Апай, менің құжатым жоқ қой» десем де, «Бір күнге тартып берші» деп қоймады. Сонымен, 15 қараша күні мектеп асханасында үлкен кеш басталды. Солай кірісіп кеттім.
Сол кеште орындалған алғашқы әніңіз есіңізде ме?
Әрине! 5-ші сынып балалары шығып, құттықтау айтты да: «Қызыл гүлім-ай» әнін шырқаймыз» деді. Ол кезде бұл ән нағыз хит еді. Олардан кейін 6-шы сынып шықты, олар да «Қызыл гүлім-айды» айтты. Артынша 7-ші сынып та дәл солай… (күледі). Мен де білетінім сол ән болған соң, еш қиналмай тартып бердім. Осы кештен соң мектеп басшылығы маған жұмысқа кіруге қолқалады. Сөйтіп, 1990 жылы директордың бұйрығымен бір ставка баян тартушы, бір ставка тәрбиеші болып жұмысқа қабылдандым. Ұстаз боламын деп ешқашан ойламаған едім, бірақ тағдыр мені осы мектепке «Қызыл гүлім-аймен» жетелеп әкелді. Содан бері міне, 36 жыл.

Сіз Кеңес дәуірінің де, бүгінгі жаңартылған мазмұнның да куәсісіз. Қазіргі білім жүйесі мен смартфон заманындағы оқушылардың айырмашылығы қандай?
Бұрын мұғалім көбірек сөйлейтін, ал қазір оқушы ізденуі керек. Жаңа жүйе баланың өзін дамытуға жақсы, бірақ смартфон мен жасанды интеллект баланы жалқаулыққа үйретіп барады. Оқушылар үй жұмысын Chat GPT немесе Gemini-ге жаздырып келетін болды.
Жасанды интеллектің қателігін мұғалім бірден сезе ала ма? Сіздің тәжірибеңізде мұндай «қулықтар» кездесті ме?
Әрине, байқалады. Жасанды интеллект қазақ тілінің контекстін, біздің ұлттық болмысымызды әлі толық түсінбейді. Мысалы, әдебиетте «Шашты» деген әңгіме бар. Ондағы кейіпкер тұтқынға түскен ер бала. Бір оқушым Chat GPT-ге эссе жаздырғанда, бағдарлама «Шашты» дегенді қыз бала деп ойлап, оның «сұлулығы мен бұрымын» сипаттап шығыпты. Оқып отырып күлдім де, балаға: «Бұл кейіпкеріміз ер бала ғой, жасанды интеллектің қателесіп тұр» дедім. Сонда ғана бала мойындады. Технология тек құрал ғана. Біз балаға бағыт берушіміз. Смартфонды мүлдем ұстама деу бос әңгіме, бірақ оны дұрыс бағытқа пайдалануды үйрету біздің басты міндетіміз. ChatGPT негізінен ағылшын тілді жүйе. Ол ақпаратты ағылшыншадан қазақшаға аударғанда мағынасын жоғалтып, шатасады. Мен балаларға: «Одан да өзіміздің Қазақстанда шыққан «Aitu» бағдарламасын қолдансаңдаршы», деп бағыт беремін. Оны көбі біле бермейді, бірақ ол біздің тілдік ортаға жақынырақ әрі тегін. Технологияны пайдаланғанның өзінде, оның беретін жауабын ақылмен сүзгіден өткізу керек қой.
Расулхан ағай, сіз 90-шы жылдардан бері бірнеше буынның алдын көрдіңіз. Бүгінгі цифрлы дәуірде өсіп келе жатқан ұрпақтың білім мен зерде жағынан ерекшелігі қандай? Болашақ ұрпақ қалай қалыптаспақ?
Қазіргі буынның бұрынғылардан басты айырмашылығы олардың тым тұйықталып бара жатқандығында. Бұрын біз бір нәрсені білмесек, міндетті түрде адамдармен тікелей қарым-қатынасқа түсіп, сұрайтынбыз. Қазір жастар көше сұрау үшін біреуге тоқтамайды, картаға қарайды немесе локация жібере салады. Олар тек технологиямен «сырласып», сонымен сөйлесуге дағдыланған. Бұл коммуникациялық тұрғыдан оқшаулануға алып келіп жатыр. Әрине, технологияны меңгеру жағынан олар бізден озық. Біз кейде «көзімізді ауыртамыз» немесе «уақытымызды бос кетіреміз» деп технологиядан қашқақтасақ, олар соның ішінде өмір сүреді. Дегенмен, бұл жерде этика мәселесі туындайды. Мен оқушыларыма «ChatGPT-ден көшіріп жазу бұл біреудің еңбегін ұрлау» деп түсіндіремін. Біреудің жұмысын рұқсатсыз иемдену мәдениетсіздік. Оқушыларыма айтарым, біреудің парақшасын құр қызықтап, уақыт өткізбе, одан да өз еңбегіңді жарияла. Оқисың ба, тігін тігесің ба, әлде химиядан тәжірибе жасайсың ба соны өз атыңнан шығар. Сонда ғана шығармашылығың оянып, өзің дамисың. Смартфонды «ұстама» деу бос әңгіме, ол мүмкін де емес. Қазіргі міндет баланы осы құрал арқылы өзін дамытуға, біреудің еңбегін көшірмей, өз өнімін жасауға бағыттау. Технологияны игерудегі мықтылығын олар пайдалы арнаға бұруы керек.

«СОЛ ШӘКІРТІМНІҢ КЕТІП ҚАЛҒАНЫ МАҒАН ӨМІРЛІК САБАҚ БОЛДЫ..»
Әдебиет – адам жанының айнасы, рухани бағыттаушы. Бірақ қазіргі технология заманында балаларды кітап оқуға, әдебиетке қызықтыру қиын емес пе? Бүгінгі буынның көзінде сол баяғы ынта-ықылас бар ма?
Негізі, қай заманда болсын әдебиет қызық, тек оны жеткізуші ұстаз мықты болуы керек. Егер мұғалім баланы баурап ала білсе, пәнге деген махаббат міндетті түрде оянады. Мен өз тәжірибемде бір нәрсені байқадым. Оқушыға құрғақ теория айтсаң, ол тез жалығады. Ал оны сахналық көрініске, спектакльге шақырсаң, бала мүлдем өзгеріп сала береді.
Демек, сіз сабақтарыңызда театрландырылған қойылымдарды жиі қолданасыз ба?
Иә, сахна арқылы бала тек мәтінді жаттап қана қоймайды, ол дауыс мәнерін, интонацияны, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін үйренеді. Мысалы, Абай мен оның қарсыласы Оразбай арасындағы драмалық сәттерді сахналағанда, балалар сол кейіпкердің ішкі дүниесіне толықтай енеді. Оразбайдың Абайға келіп: «Сен өлесің…» дейтін ауыр сәттерін ойнағанда, оқушылардың көзінен ерекше от көремін. Осындай спектакльдерден кейін балалар: «Ағай, тағы да осындай сахналық көріністер қояйықшы, тағы қандай шығармалар бар?» деп өздері іздене бастайды.

Бұл әдіс баланың бойындағы ұлттық кодты оятатын сияқты, солай ма?
Солай десе де болады. Баланың жан дүниесінде ұлттық құндылықтарға деген талпыныс бар. Сахна – сол көмескі тартқан сезімдерді оятатын құрал. Кейіпкердің тағдырын өз басынан өткерген оқушы Абайды да, басқа классиктерді де жатсынбайды, оларды жақын тарта бастайды. Тәжірибе көрсеткендей, білім беру жүйесі неғұрлым театрландырылған, жанды болса, нәтиже де соғұрлым жоғары болады.
Расулхан ағай, 36 жылдық ғұмырыңыз мектеппен егіз өріліп келеді. Осы уақыт ішінде жадыңызда өшпестей із қалдырған, бәлкім, сіздің ұстаздық ұстанымыңызды түбегейлі өзгерткен шәкіртіңіз болды ма?
Иә, ондай оқиға болды. Ол менің ұстаздық жолымдағы ең үлкен сабағым десем де болады. Алғашқы еңбек жолымды бастаған жас кезім, жігерім тасып тұрған шақ. Бірде өз сыныбымдағы жақсы оқитын, бірақ мінезі еркелеу бір баланы қоғамдық жұмысқа қатыспағаны үшін көпшіліктің көзінше қатты ұрыстым. Тіпті, ашу үстінде: «Сен осы мінезіңмен бойың өспей қалған шығар» деп намысына тиетін ауыр сөз айтып қойдым. Ертесіне мектепке әкесі келді. Мен жаспын, «менікі дұрыс» деп еш қаймықпастан болған жайтты айтып бердім. Бірақ сол оқиғадан кейін ол бала мектепке мүлдем келмей қойды. Анасының төркініне, Ұзынағашқа оқуға ауысып кетіпті. Бұл менің жаныма қатты батты. Арада 20 жыл өткенде мектеп түлектері жиналғанда «сол шәкіртім келе ме, маған қалай қарайды екен?» деген іштей қорқыныш пен өкініш болды. Онымен Түркістандағы Яасауи кесенесінің жанында кездескенімізде, ол жылы амандасты. Бірақ сол бір сәт менің білім беру жүйеме, баламен қарым-қатынасқа деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Мен содан кейін ғана түсіндім. Ұстаз диктатор емес. Әр баланың өзіндік темпераменті болады. Біреуі мақтағанды сүйетін холерик болса, біреуі көңіліне тез алатын флегматик. Мұғалім ең алдымен нәзік психолог болуы шарт. Баланың жан дүниесін түсінбей, оны тек «мені тыңдауға тиіссің» деп мәжбүрлеу үлкен қателік. Сол шәкіртімнің кетіп қалғаны маған өмірлік сабақ болып, содан кейін мен әр баланың болмысына, мінез ерекшелігіне қарай жеке тәсіл іздейтін болдым. Шебер мұғалім – баланың жанын жараламай, оның ішіндегі жақсылықты оята білетін адам.
«ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ ТЕК ЖАЛАУЛАТЫП ҰРАНДАУ ЕМЕС…»
Расулхан ағай, бүгінде «патриотизм» мен «Отанға қызмет ету» ұғымдары жиі айтылады. Бірақ сіз үшін бұл сөздердің шынайы мағынасы қандай? Ұстаз ретінде Отан алдындағы парызыңызды қалай өтеп жүрсіз?
Менің түсінігімде Отанға қызмет ету – ең алдымен өзің туып-өскен туған жеріңді, қалаңды немесе ауылыңды танып-білуден, оған деген кіршіксіз құрметтен басталады. Мен Түркістанның перзентімін, қарапайым мектептің мұғалімімін. Бірде қаламыздағы Жарылқапов көшесімен өтіп бара жатып: «Осы Жарылқапов деген кім?» деген сұрақ туындады. Ізденіп қарасам, ол кісі Түркістанның дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлға екен. Сол сәтте: «Бұны неге мен білмедім, неге қазіргі жас ұрпақ білмеуі керек?» деген намыс оянып, «Түркістанның тұлғалары» атты жобаны қолға алдым. Жиналған мәліметтер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кітап болып жарық көрді. Бұл менің туған жеріме қосқан кішкене ғана үлесім болды.

Сонымен қатар, мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін, ал біздің мектеп хәкім Абайдың есімін иеленген. Сондықтан мектеп алаңында ұлы ақынның лайықты ескерткіші тұруы тиіс деп шештім. Өзім мұрындық болып, демеушілер тауып, Абайға ескерткіш орнаттық және оқушылар демалатын «Абай алаңын» жасақтадық. Мұның бәрін мен ешкімнен марапат немесе мақтау күту үшін емес, адамдық парызым, ұстаздық борышым деп санадым. Отанға қызмет жалаулатып ұрандау емес, өз деңгейіңде, өз орныңда атқарылған осындай нақты, жүрекпен жасалған игі істерден құралады деп ойлаймын.
ТҮЙІН
Расулхан ағаймен болған сырлы сұхбаттан түйгеніміз – нағыз патриотизм даңғаза ұранда емес, тыныш жүріп атқарылған өлшеусіз еңбекте екен. Өз қаласының тұлғаларын түгендеп, мектеп ауласында Абай рухын асқақтатқан ұстаздың әр қадамынан мемлекетшілдік мінез аңқып тұр.
Бүгін Расулхан ағайдың туған күні. Оның 7 мамыр Отан қорғаушылар күнінде жарық дүние есігін ашуында үлкен символ бар. Біреулер ел шебін қарумен күзетсе, Расулхан ағай 36 жылдан бері ұлттың ішкі рухын – баланың саналы біліммен, өнермен және хакім Абайдың асыл сөзімен қорғап келеді. Оның майданы – мектеп, қаруы – қасиетті тіл мен парасат. Отанға деген шексіз адалдық пен мамандыққа деген кіршіксіз махаббат тоғысқан жерде Расулхан ағай сынды нағыз майталман педагогтардың есімі әрқашан құрметпен атала бермек.
Ерлік тек майданда емес… Ерлік – ұстаздық үстелдің артында өткен 36 жыл. Нағыз Отан қорғаушының туған күні құтты болсын!



