Басты жаңалықтар

Түркістанға миллиардтаған инвестиция тартылады

794 млрд теңге өңір дамуына жұмсалады.

Түркістан облысында биыл жалпы құны 793,9 млрд теңгені құрайтын 70 инвестициялық жоба іске асырылады. Соның нәтижесінде өңірде 5 190 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде мәлім болды.


Бастапқыда 2026 жылы 67 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын. Алайда олардың орындалуына жан-жақты талдау жүргізіліп, іске асырылу тәуекелі жоғары 10 жоба анықталды. Соның орнына жаңа 13 жоба енгізіліп, жоспар қайта пысықталды. Нәтижесінде жыл соңына дейін іске қосылатын жобалар саны 70-ке жетті.


Облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне барлық инвестициялық жобаның белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар инвесторлармен байланысты күшейтіп, жаңа жобаларды тарту және туындаған мәселелерді жедел шешу міндетін жүктеді.

Аппарат мәжілісінде облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек өңірдегі инвестициялық ахуал туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінде жалпы құны 33,4 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба іске қосылып, 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған.


Өңірге жаңа инвесторларды тарту жұмыстары да жалғасып жатыр. Жуырда Қытайдың «Zhouzhi Country Jinzhou State-Owned Capital Investment and Operations» компаниясының өкілдерімен кездесу өтіп, киви өсіру және жылыжай шаруашылығын дамыту мүмкіндіктері талқыланды. Компания Түркістан облысының табиғи-климаттық ерекшелігі мен ауыл шаруашылығы әлеуетіне қызығушылық танытқан. Осыған байланысты инвесторларға Сайрам және Келес аудандарындағы қолайлы жерлер таныстырылып, қазіргі таңда бірлескен жобаларды жүзеге асырудың нақты жоспары әзірленіп жатыр.


Бұдан бөлек, «Sauran Solar Power» компаниясымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сыртқы қорған қабырғасын салу жобасы талқыланса, «Sin Yuan Steel» компаниясы болат өндірісін Түркістан облысына көшіру және заманауи өндірістік кешен салу жөніндегі ұсынысын жеткізді. Қазір бұл бастамалардың барлығы жан-жақты зерделеніп, оларды жүзеге асыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Инвестициялық жобалардың табысты жүзеге асуы өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беріп, жаңа өндіріс орындарының ашылуына және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button