Басты жаңалықтар

Созаққа 1 млрд текше метрге жуық су жетті

Түркістан облысының Созақ ауданына экологиялық мақсатта жіберілген су көлемі 950 млн текше метрге жетті. Бұл – өңірдегі табиғи тепе-теңдікті сақтап, мал шаруашылығын қолдауға бағытталған маңызды қадам, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Су ресурстары және ирригация министрлігі Тасөткел су қоймасынан Шу өзені арқылы су жіберуді жалғастырып жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл су экожүйені сақтауда ерекше рөл атқарады. Атап айтқанда, құм мен тұзды шаңның көтерілуіне жол бермей, жайылымдардың өнімділігін арттыруға ықпал етеді.


Жобаның тиімділігін арттыру мақсатында ұзындығы 120 шақырым, ені 30–40 метр болатын Фурманов айналма каналы соңғы 40 жылда алғаш рет механикалық тазалаудан өтті. Жұмыстар былтыр шілде айында басталып, желтоқсан айының соңында толық аяқталды.

Ауқымды іске аудан деңгейінде де жүйелі қолдау көрсетілді. Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің бастамасымен арнайы жұмысшы топ құрылып, барлық ауылдық округтер мен тиісті бөлімдер жұмылдырылды. Кәсіпкерлердің демеушілігімен 218 тонна дизель отыны жеткізіліп, канал тазалау жұмыстары үздіксіз жүргізілді.


Созақ аудандық мәслихатының төрағасы Ордабек Жәмиев бұл бастаманың маңызын ерекше атап өтті:

«Тұрғындар бұл суды көптен күткен. Әсіресе мал шаруашылығы үшін маңызы зор. Су келмесе, өзен табанынан тұз көтеріліп, экологияға зиян келтіреді», – деді ол.

Қазіргі таңда су Тасты ауылынан өтіп, тағы 12 шақырым алға жылжыды. Тұрғындардың өтініші негізінде «Қазсушар» РМК «Су-метрология» филиалының мамандары су деңгейін бақылау үшін арнайы гидрометриялық рейка орнатқан. Бұл алдағы уақытта су көлемін тиімді реттеп, оның мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button