Тұрғындардың өтініші жауапсыз қалмады
150 тұрғынның мәселесі бір қабылдауда көтерілді.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің аудан-қалаларынан келген азаматтарды жеке қабылдап, тұрғын үйден бастап жер, жұмыс, денсаулық сақтау мен әлеуметтік көмекке дейінгі мәселелерді тыңдады. Кейбір өтініштер сол жерде шешілсе, қалғандары нақты мерзім белгіленіп, жауапты мекемелердің бақылауына алынды.
Қоғамдық қабылдауға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан-қала әкімдері және құқық қорғау органдарының өкілдері де қатысты. Әр тұрғынның мәселесі заң талаптарына сай қаралып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Қабылдауда ең көп көтерілген мәселелердің бірі – жер мен тұрғын үй. Облыс әкімі инженерлік инфрақұрылымы дайын емес жер телімдерін беру заңға қайшы екенін айтып, жер кезегінде тұрған азаматтардың құқығы толық сақталатынын жеткізді. Сондай-ақ кезектен тыс жер беру мәселесіне жол берілмейтінін атап өтті.
Баспана мәселесіне тоқталған өңір басшысы Түркістан облысы тұрғын үй құрылысы бойынша республикадағы алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі екенін айтты. Жыл сайын өңірде шамамен 1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, баспанамен қамту жұмыстары жалғасып келеді.

Кездесу барысында тұрғындар ауыл әкімдерінің жұмысына қатысты ұсыныстары мен сын-ескертпелерін де жеткізді. Облыс әкімі барлық өтініш жан-жақты қаралып, заң аясында шешім қабылданатынын айтты.
Қабылдауды қорытындылаған Нұралхан Көшеров мемлекеттік қызметтің басты өлшемі – халықтың сенімі екенін атап өтті.
«Қоғамдық қабылдау – жай ғана кездесу емес. Бұл – тұрғындардың мәселесін тыңдап қана қоймай, оны шешудің нақты жолын айқындайтын жұмыс алаңы. Әрбір өтініш жауапсыз қалмайды», – деді облыс әкімі.

Жыл басынан бері облыс әкімі мен оның орынбасарлары 1000-нан астам тұрғынды жеке қабылдаған. Көтерілген мәселелердің орындалуы тұрақты бақылауда. Бұл өңірде халықпен кері байланысты күшейтуге бағытталған жұмыстың жалғасып жатқанын көрсетеді.



