Басты жаңалықтар

Биыл қыста жаурап қалмау үшін Түркістанда жылу маусымына дайындық қалай?

Түркістан облысында қысқа дайындық жұмыстары жалғасып жатыр.

Қазір өңірдегі әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлердің 80 пайызы жылу маусымына дайын. Ал қалған нысандардың дайындығын қыркүйек соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Өңірде алдағы қысқа 1 265 мектеп пен балабақша, 737 медицина нысаны, 239 мәдениет, 74 спорт, 9 жұмыспен қамту нысаны және 737 көпқабатты үй дайындалуда. Бүгінде 2 332 нысанның 1 871-і қажетті дайындық құжаттарын алған.


Жылу желілерін жөндеу жұмыстары да жүріп жатыр. Кентау, Түркістан қалалары мен Созақ ауданында жоспарланған 22,05 шақырым желінің орнына қазірдің өзінде 23,4 шақырымы жөнделген. Жұмыстарды қыркүйек соңына дейін толық аяқтау тапсырылды.

Қысқа дайындықтағы маңызды мәселенің бірі – көмір. Облысқа жылыту маусымына 532,5 мың тонна көмір қажет. Қазір оның 167,3 мың тоннасы жеткізілген. Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің қоймаларында шамамен 60 мың тонна көмір қоры бар.

Әлеуметтік нысандардың көмірмен қамтылуы жоғары. Білім беру ұйымдарына қажет 73,4 мың тоннаның 71,6 мың тоннасы жеткізілген. Бұл – 98 пайыз.


Ал жеке үйлер үшін қажет 176,1 мың тонна көмірдің 83 390 тоннасы жеткізілді. Қамту деңгейі – 47 пайыз.

Жылыжайларға қажетті көмір көлемі әлдеқайда көп – 271,2 мың тонна. Алайда әзірге оның 18 мың тоннасы ғана жеткізілген. Бұл – 7 пайыз. Сондықтан жылыжай иелеріне көмір жеткізуді жеделдету тапсырылды.

Жылу қазандықтарына қажет 8 мың тонна мазутты жеткізу бойынша келісімшарттар жасалған. Отын жылыту маусымы басталғанға дейін жеткізілмек.

Ал бюджеттік мекемелер дизель отынымен толық қамтамасыз етілген.


Облыс әкімі Нұралхан Көшеров барлық нысанды белгіленген мерзімде дайындап, жылу желілерін жөндеуді уақытында аяқтауды тапсырды.

Жылыту маусымы жақындаған сайын облыстағы жылу желілері мен отын қорының дайындығы бақылауда болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button