Басты жаңалықтар

Шекара асатын сүт

Түркістан өнімдері Қытай мен Орталық Азияны қалай жауламақ?

Түркістан қаласында нағыз өндірістік серпіліс орын алуда. Жергілікті кәсіпорындар ішкі нарықты ғана емес, енді шетелдік алпауыт нарықтарды да бағындыруға бел шеше кірісті.

Түркістанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, «Қазақстанда жасалған» брендін әлемге танытуды көздеген кәсіпорындардың қарқыны сұмдық.

Бұл бағыттағы ең жарқын жобалардың бірі – 2024 жылы іске қосылған «Milkart» сүт зауыты. Түркияның ең озық, заманауи құрал-жабдықтарымен жарақтанған бұл кәсіпорын қазірдің өзінде тәулігіне ондаған тонна табиғи шикізатты өңдеп үлгеріп отыр. Зауыттан шығатын сүт, айран, қаймақ, сүзбе мен сарымай сияқты өнімнің 48 түрі Түркістан мен Кентау қалаларының дүкен сөрелерін толтырды. Сондай-ақ, өнімдер әлеуметтік дүкендер мен жәрмеңкелерде халыққа өте қолжетімді бағамен ұсынылуда.

«Milkart» мұнымен тоқтап қалмақ емес. Кәсіпорын өндіріс қуатын бірден төрт есеге арттырып, су жаңа технологияларды енгізуді жоспарлап отыр. Бұл серпіліс компанияға өнімдерін Өзбекстан, Қырғызстан және алып Қытай нарығына экспорттауға жол ашады. Экспорттың артуы аймақта жаңа жұмыс орындарының ашылуына тікелей әсер етпек.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында кәсіпорын «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы жеңілдетілген несие алған. Осы мемлекеттік қолдаудың арқасында зауыт тұрғындарды ең маңызды сүт өнімдерімен бекітілген арзан бағада қамтамасыз етіп отыр.

Қазіргі таңда кәсіпорында 13 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыс істейді: оның 8-і цехта тер төксе, 5-еуі өнімді тасымалдаумен айналысады. Мемлекет пен кәсіпкердің бірлескен бұл жұмысы алдағы уақытта Түркістанның табиғи сүт өнімдерін халықаралық деңгейге шығарып, қазақстандық өнімнің даңқын арттырмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button