Басты жаңалықтар

Еуразия министрлері Түркістанда

Еуразиялық үкіметаралық кеңес өкілдері Түркістандағы тарихи орындарды аралады

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының мүшелері Түркістан облысына арнайы жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Делегация құрамында ЕЭК-тің Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов, Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министр Арзыбек Кожошев, Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Данияр Иманалиев, Техникалық реттеу жөніндегі министр Александр Субботин, Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министр Сергей Шкляев, сондай-ақ Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министр Максим Ермолович болды.

Жұмыс сапары аясында делегация Түркістан қаласындағы «Сирек жәдігерлер залы» көрмесін аралап, құнды жәдігерлермен танысты. Экспозицияда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен ХІV ғасырдан бері сақталып келе жатқан тарихи жәдігерлер мен музей қорының 100-ден астам құнды жәдігері ұсынылды. Қазіргі таңда «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қорында 26 мыңнан астам жәдігер сақталса, соның 80 пайызы түпнұсқа болып табылады. Сапар барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен туристік әлеуеті туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.

ЕЭК өкілдері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген, түркі әлемі үшін маңызды тарихи-рухани нысан – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Сондай-ақ делегация «Керуен сарай» туристік кешенінде болып, ТМД елдері бойынша жалғыз саналатын «Алтын Самұрық» 8D ұшатын театрын тамашалады. Бұл заманауи технология арқылы қонақтар еліміздің өткені мен болашағына виртуалды саяхат жасады. Айта кетерлігі, дүние жүзінде мұндай 18 театр болса, соның бірі Түркістан төрінде орналасқан.

Бұл жұмыс сапары Түркістан облысының туристік және инвестициялық әлеуетін ілгерілетуге, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірге келген туристер саны 500 мың адамнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 15,9%-ға өскен. Тарихи орындарды 1 012 мың адам тамашалап, келушілер саны 13%-ға артты. Бүгінде облыста туристерге қызмет көрсететін 265 орналастыру орны жұмыс істеп тұр, бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда 12,7%-ға жоғары.

Басқа жаңалықтар

Back to top button