Наурыз тартуы: Түркістанда тағы бір мұқтаж отбасы үйлі болды

Түркістан қаласында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында ерекше қайырымдылық шарасы өтті. «Отырар» шағынауданының 1988 жылы туған азаматтары ұйымшылдық танытып, мұқтаж отбасына жаңа баспананың кілтін табыстады, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Мерекелік тартудың иесі – үш баласын жалғыз тәрбиелеп отырған Ләззат Сейітова. Жұбайынан ерте айырылып, баспана тауқыметін тартып жүрген ананың жағдайына бейжай қарамаған қала жастары бұл қадамдары арқылы қоғамдағы жанашырлық пен бауырмалдықтың айқын үлгісін көрсетті. Төл мереке қарсаңында өз үйіне қол жеткізген отбасының қуанышында шек болмады.

Бұл қайырымдылық шарасының Түркістан қаласы үшін маңызы терең. Алғаш рет «Бекзат» шағынауданының жастары бастаған бұл игі дәстүр бүгінде үлкен эстафетаға айналған. Осы уақытқа дейін аталған аймақ белсенділері 20 отбасының баспаналы болуына мұрындық болса, кейіннен бұл бастаманы «Шауғар» шағынауданы іліп әкеткен болатын. Енді, міне, «Отырар» шағынауданының азаматтары да осы сауапты іске өз үлестерін қосып отыр.
Игілікті істің сабақтастығы мұнымен тоқтамақ емес. 1988 жылғы азаматтар бұл игі эстафетаны келесі кезекте 1990 жылы туған інілеріне ресми түрде жолдап, ізгі амалдың жалғасын табуына ниет білдірді. Осылайша, Түркістан жастары мерекені тек той-думанмен ғана емес, нақты іспен, ауызбіршілікпен және өзара көмекпен қарсы алуды дәстүрге айналдырып келеді.



