Түркістанда «Қазақстан үздік тауары – 2026» өңірлік көрме-конкурсы басталды

Екі күнге созылатын ауқымды шара отандық өндіріс пен іскерлік байланыстардың негізгі алаңына айналып отыр. Мұнда Түркістан облысының екі жүзден астам тауар өндірушісі өз өнімдерін көпшілікке ұсынып жатыр.

Биылғы көрменің басты ерекшелігі тек өнім көрсетумен шектелмей, нақты сауда байланыстарын орнатуға бағытталғаны. Атап айтқанда, екі күн ішінде бес жүзден астам тікелей B2B кездесу өтіп жатыр. Оған еліміздің ірі сауда желілері мен қатар Өзбекстан, Қырғызстан және Қытайдан келген шетелдік серіктестер қатысуда. Шара аясында кәсіпкерлер өз өнімдерін сатып алушыларға тікелей ұсынып, дистрибьюторлық келісімдер жасау бойынша келіссөздер жүргізеді.
Сонымен қатар көрме алаңында азық-түлік, жеңіл және тоқыма өнеркәсібі, жиһаз, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы және қолөнер бағыттарындағы тауарлар қойылған. Арнайы ұйымдастырылған «Түркістанда жасалған» экспозициясы мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасы ауылдық жерлерде жасалған бірегей брендтерді бір алаңға жинақтады.
Шара бағдарламасындағы маңызды оқиғалардың бірі «MADE IN TURKISTAN: EXPORT 2026» экспорттық форумы болды. Онда кәсіпкерлердің сыртқы нарықтарға шығуына қажетті мемлекеттік қолдау, халықаралық стандарттар, логистика және қаржыландыру мәселелері талқылануда. Сондай-ақ инвесторларға арналған арнайы кездесулер ұйымдастырылып, олар өңірдегі бірқатар ірі өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Бұл көрма-конкурс өңірдегі кәсіпкерлердің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті тауарларды үлкен нарықтарға шығаруға және жаңа инвестициялар тартуға жол ашады.



