4 мың адам қуанышқа кенелді: Созақта тағы бір ауыл «көгілдір отынға» қосылды

Түркістан облысының Созақ ауданындағы Жартытөбе ауылдық округіне табиғи газ тартылып, елді мекен толықтай көгілдір отынға қосылды. Енді ауылдық округтегі 680 абонент, яғни 4 мыңнан астам тұрғын жайлы жағдайда өмір сүреді. Бұл – өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесі.
Тұрғындардың қуанышымен бөлісу мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жартытөбе ауылдық округіне арнайы барып, тұрғындарды құттықтады.
– Бүгін Жартытөбе ауылының тұрғындары көптен күткен «көгілдір отынға» қол жеткізіп отыр. Баршаңызды осы қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Президент тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында елді мекендерді газдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Осы ретте Созақ ауданында бой көтерген автоматтандырылған газ тарату станциясының маңызы айрықша. Құны 4,1 миллиард теңгені құрайтын бұл нысан аудандағы елді мекендердің тең жартысын табиғи газбен қамтуға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы атап өткендей, Жартытөбе, Аққолтық және Бабата елді мекендеріне газ тартылды. Жартытөбе ауылдық округін газдандыру жұмыстары Созақ ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысы негізінде жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайды:
• Республикалық бюджеттен – 800 млн теңге;
• Облыстық бюджеттен – 800 млн теңге;
• Жергілікті бюджеттен – 200 млн теңге бөлінді.
Жалпы, 2025 жылы облыс бойынша газбен қамтитын 87 нысанның құрылысы басталып, оның 45-сі аяқталды. 102 мың халқы бар 41 елді мекенге «көгілдір отын» жеткізілді. Биылғы 8 айда газбен қамтылған елді мекендер саны 610-ға жетіп, өңір тұрғындарының 89,4 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта өңірдегі елді мекендерді табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғаса береді.



