Жетісайда жылына 6 600 тонна құлпынай өсіретін жылыжай салынады
Түркістан облысының Жетісай ауданында құлпынай өндіретін ірі агрокешен салынады. Жобаның жалпы құны 15,6 млрд теңге. Жылыжайда жылына 6 600 тоннаға дейін құлпынай өсіру жоспарланған.

Жобаны Асықата кентіндегі индустриалды аймақта «MIR AGRO KZ» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Серіктестікті түркиялық «Görkem Tarim» компаниясы құрған. Инвестициялық жоба 2026-2027 жылдары екі кезеңмен орындалады.
Бірінші кезеңде сыйымдылығы 8 мың тонна жеміс-көкөніс қоймасы салынып жатыр. Нысанды 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделген. Қоймада өнімді сақтау, сұрыптау және қаптау жұмыстары жүргізіледі. Қойма дайын болған соң, екінші кезеңде өнеркәсіптік жылыжай кешенінің құрылысы басталады.

Жобаның барысы жуырда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің инвестор Факуруллах Горкемогльумен кездесуінде талқыланды. Тараптар құрылыс кезеңдері мен алдағы жоспарларды қарады. Әкім жобаны белгіленген мерзімде аяқтау, заманауи технологияларды қолдану және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Жоба толық іске қосылғанда 30 тұрақты және 100 маусымдық жұмыс орны ашылады.



