Түркістанда 30 жоба жүзеге асуда

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы индустриялық аймақты аралап, инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысын тексерді.

Қазір 63,8 гектар аумақта жалпы 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның 21 іске қосылса, 9 жоба құрылыс кезеңінде. Жобалардың жалпы құны 19,6 млрд теңге. Бүгінге дейін 9,7 млрд теңге инвестиция игеріліп, қалған қаржы бойынша жұмыстар жалғасуда.

Қала басшысы өндірістік парк құрылысының сапасын бақылап, аумақты абаттандыру мен асфальт төсеу жұмыстарын талапқа сай аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ құрылыс кезінде анықталған кемшіліктер бойынша мердігерге заң аясында шара қабылдауды жүктеді.

Әкім «НҰРҚАҒАЗ-Х» ЖШС-нің қағаз бұйымдарын шығаратын зауытының құрылысымен танысты. Құны 3 млрд теңге болатын жоба іске қосылғаннан кейін 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Бүгінде индустриялық аймақтағы кәсіпорындарда 901 адам еңбек етеді. Ал барлық жобалар толық іске қосылған соң тағы 306 жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыспен қамтылғандар саны 1 207 адамға жетеді.



