Кентауда 74 жылдан бері жылу мен жарық өндіріп келе жатқан орталықтың жұмысы талқыланды
Республикалық жұмыс тобы Кентау тұрғындарымен кездесіп, №5 жылу электр орталығының жұмысымен танысты

1952 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Кентау қаласындағы №5 жылу электр орталығында энергетика саласын жаңғырту және өндірістік қуаттарды тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. Кәсіпорында бүгінде 241 адам еңбек етеді. Бұл нысанға республикалық жұмыс тобы арнайы барып, ұжыммен кездесті.
Делегация Түркістан облысына Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында келді. Оның құрамында ҚР Энергетика вице-министрі Ержан Ертаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев және Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков бар.
Сапар аясында жұмыс тобы алдымен Кентау қаласының тұрғындарымен кездесті. Жиынға 150-ге жуық адам қатысып, ел экономикасын жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, инвестиция тарту, цифрлық экономиканы дамыту, жұмыспен қамту және халықтың табысын арттыру мәселелері талқыланды.
Вице-министрлер Жолдауда белгіленген міндеттерді өз салалары бойынша түсіндірді. Ержан Ертаев электр энергетикасын дамыту және елдің энергияға деген сұранысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Ербол Тұяқбаев жұмыспен қамту, еңбек нарығын дамыту және әлеуметтік қолдау мәселелерін баяндады. Ал Бауыржан Омарбеков кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағыттарын түсіндірді.
Кездесуде қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұхтар Молжігітов пен «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Бақытжан Аширбаев та пікір білдірді.
Тұрғындармен кездесуден кейін делегация №5 жылу электр орталығына барды. Кәсіпорынның негізгі қызметі – электр және жылу энергиясын өндіру. Мұнда өткен кездесуде энергетика саласын жаңғырту, өндірістік қуаттарды тиімді пайдалану, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сала мамандарының еңбек жағдайларын жақсарту мәселелері сөз болды.
Вице-министрлер кәсіпорын қызметкерлеріне Жолдауда энергетика саласына қатысты белгіленген міндеттерді түсіндірді.



