Басты жаңалықтар

Президент сыйлаған баспана

Түркістан облысында кәсіби мереке қарсаңында екі өңірлік БАҚ қызметкеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жаңа баспананың кілті табысталды.


Салтанатты рәсімде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Президент атынан пәтер кілттерін табыстап, журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.


Жаңа баспана «24KZ» телеарнасының Түркістан облысындағы телеоператоры Ерболат Әбішов пен Созақ аудандық «Созақ үні» газетінің жауапты хатшысы Нұрсұлтан Шертаевқа берілді. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірлік журналистерді әлеуметтік қолдау бағытында жүзеге асырылған алғашқы бастамалардың бірі.


– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ақпарат саласы қызметкерлерінің еңбегін әрдайым жоғары бағалап келеді. Бүгін Мемлекет басшысының атынан өздеріңізге баспана кілтін табыстау – зор мәртебе. Бұл – журналистердің қоғамдағы рөлін айқындайтын, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қолдау. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз жемісті болып, қаламдарыңыз мұқалмасын. Сіздерге шығармашылық табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді облыс әкімі.


Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Биыл алғаш рет өңірлік журналистерге де баспана беру туралы шешім қабылданды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button