Түркістанда 146 өндіріс іске қосылып, 3 300 жұмыс орны ашылды
Түркістан облысында 163 млрд теңгеге 146 өндірістік жоба іске қосылып, 3 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Өңірде тағы 123 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Бүгінде облыстың барлық аудан-қаласында 29 шағын өндірістік парк салынып жатыр. Жалпы аумағы 264,2 гектардан асатын алаңдарда 275 ғимарат тұрғызу көзделген. Оның 178-інің құрылысы аяқталып, 97 нысанда жұмыс жалғасуда. Жоба толық жүзеге асқанда 269 өндірістік нысан іске қосылып, 6 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен штаб отырысында айтылды. Жиында құрылыс барысы мен кәсіпорындарды орналастыру мәселелері қаралды.
Қанат Қайыпбек дайын ғимараттарға өндірістік жобаларды орналастыруды жеделдетіп, инвесторлар мен кәсіпкерлерді тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Өндірістік парктерде құрылыс материалдары, жиһаз, тұрмыстық техника, металл бұйымдары, сүт өнімдері, құрама жем және полиэтилен өнімдері шығарылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, мал бордақылау және жүк көліктеріне қызмет көрсету бағыттары дамып келеді.
Қазір облыста шағын өндірістік парктерді дамытудың екінші кезеңі басталды. Жоба жаңа кәсіпорындар ашып, тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге бағытталған.



