Басты жаңалықтар
Түркістандық пара спортшылар әлем чемпионатында топ жарды
Үндістандағы әлем чемпионатында түркістандық төрт спортшы 6 медаль еншіледі. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте чемпион атанды.

Нью-Делиде 27 қазан мен 3 қараша аралығында пара армрестлингтен XXVIII әлем чемпионаты өтті. Дүбірлі додада Түркістан облыстық «Сауран» спорт клубының өкілдері қарсыластарынан озып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Жастар арасында Әсемай Әшімбек 50 келі салмақта екі қолмен де қарсылас шақ келтірмей, қос алтынды еншіледі. Ал Заңғар Ералиев 65 келіден жоғары салмақта екі күміс медаль жеңіп алды.
Ересектер бәсекесінде Салтанат Қонысова 70 келі салмақта, Дилором Дыханова 60 келі салмақта қола жүлдегер атанды.
Осылайша, түркістандық спортшылар жарысты 2 алтын, 2 күміс және 2 қоламен аяқтады. Ал Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының жалпыкомандалық есебінде бірінші орынға ие болды.



