Қытайдағы қазақ дәрігер партияның ең жоғары марапатына ие болды

Қытай астанасы Бейжіңде өткен салтанатты жиында Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары марапаты – «1 шілде» ордені сегіз азаматқа табысталды. Олардың қатарында қазақ ұлтының өкілі, дәрігер Оқас Сүлеймен де бар. CCTV мәліметінше, ол бұл марапатқа шекаралық өңір тұрғындарының денсаулығын қорғауға қосқан зор үлесі үшін ие болды.
Оқас Сүлеймен 40 жылдан астам уақыт бойы Шыңжаңдағы жайлаулар мен шалғай ауылдарды атпен аралап, жергілікті халыққа медициналық көмек көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде ол 100 мыңнан астам науқасты емдеп, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға және 3200-ден астам сәбидің дүниеге келуіне көмектескен.
Оқас Сүлеймен – Қытай Коммунистік партиясының «1 шілде» орденін алған алғашқы қазақ. Бұл марапат елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан партия мүшелеріне бес жылда бір рет табысталады. Орден 2017 жылдан бері беріледі және осы уақытқа дейін оны барлығы 37 адам иеленген.



