Басты жаңалықтар

Шенеуніктер заманауи TEDx-ке көшті

Ата-аналардың жауапкершілігі енді қалай тексеріледі?

Түркістан облысында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Адал ата-ана — қауіпсіз балалық шақ» атты өңірлік ата-аналар форумы өтті. Заманауи TEDx форматында ұйымдастырылған жиында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және жазғы демалыс кезіндегі бала қауіпсіздігі мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Turkistanlife.kz тілшісі.

Сарапшылардың мәліметінше, өңірде 2025 жылы кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 6,6%-ға төмендегенімен, 2026 жылдың алғашқы төрт айында жасөспірімдер тарапынан жасалған заң бұзушылықтардың өсімі байқалған. Осыған байланысты жиында бала қауіпсіздігіне қатысты ата-ананың жеке жауапкершілігін күшейту мәселесі басты назарға алынды.

Форум аясында бірқатар маңызды шешімдер қабылданып, жаңа жобалар таныстырылды. Жиынның негізгі құжаты ретінде бекітілген облыстық манифест ата-аналардың балаға уақыт бөлу, тыңдау, үлгі болу және қолдау көрсету сияқты 5 негізгі міндеттемесін айқындайды. Демалыс уақытында балалардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол қозғалысы ережелерін сақтау және түнгі уақыттағы бақылауды күшейту тапсырылды. Спикерлер интернет желісінің зиянды ықпалы мен мектептердегі буллингтің алдын алу, балаларға эмоционалдық-психологиялық қолдау көрсету тетіктерін ортаға салды. Шара барысында ата-аналар арасында цифрлық сауалнама жүргізіліп, қоғамдағы шынайы жағдайдың нәтижелері интерактивті экранда бірнеше минут ішінде көрсетілді.

Жиын қорытындысы бойынша бала тәрбиесіне ерекше үлес қосып, мектеппен тығыз байланыс орнатқан облыстың 17 ауданынан келген белсенді ата-аналар «Қауіпсіз балалық шақтың шамшырақ ата-аналары» номинациясымен марапатталды.

Айта кетейік, форумда Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, Педагогикалық шеберлік орталығының тренері Абай Калшабек және Phd доцент, психолог Салтанат Асанова баяндама жасады. Алдағы уақытта өңірде ата-аналармен жұмыстың мазмұнды жиналыстар, қауіпсіздік чек-парақтары және мобильді кеңестер сияқты жаңа форматтары енгізілмек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button