Басты жаңалықтар

Ауыз судан бастап мақта субсидиясына дейін: Мақтааралда тұрғындардың талабы тыңдалды

Мақтаарал ауданында тұрғындар ауыл шаруашылығынан бастап, әлеуметтік инфрақұрылымға дейінгі бірқатар өзекті мәселені облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жеке қабылдауында жеткізді.

Кездесуде мақта өсірушілерді субсидиямен қамту, шаруалардың құқығын қорғау, ауыз су, жол және білім беру саласындағы түйткілдер қозғалды.

Атап айтқанда, тұрғындар мақта шаруашылығына субсидия бөлу тәртібіне қатысты мәселелерді көтеріп, жергілікті шаруалардың құқықтарын қорғау жөнінде өтініш білдірді. Сонымен бірге авариялық тұрғын үйлерге ауыз су тарту, каналдарды жөндеу, жолдардың жағдайын жақсарту және көшелерді жарықтандыру қажеттігін айтты. Мектепке қосымша ғимарат салу мәселесі де назардан тыс қалмады.

Өңір басшысы тұрғындардың өтініштерін тыңдап, жауапты басқармалар мен сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Көтерілген мәселелерді заң аясында қарастырып, шешу жолдарын пысықтауды тапсырды.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, өңірлерді дамыту және азаматтардың өзекті мәселелерін шешу бағытында нақты міндеттер жүктеді. Осы ретте тұрғындардың өтініштерін тыңдап, көтерілген мәселелерге дер кезінде назар аудару – біздің басты мақсатымыз», – деді Нұралхан Көшеров.

Ашық форматта өткен қабылдауға құқық қорғау органдарының өкілдері мен облыстық басқарма басшылары қатысты. Тұрғындардың өтініштері негізінде хаттамалық тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.

Айта кетейік, облыс әкімі мен оның орынбасарлары бекітілген кестеге сәйкес тұрғындарды тұрақты қабылдайды. Жеке қабылдауға eGov.kz порталы, e-Otinish бірыңғай базасы арқылы немесе Азаматтарды қабылдау орталығына жазбаша өтініш беру арқылы жазылуға болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button