Басты жаңалықтар
Сауранда 6,3 млрд теңгелік 24 өндірістік жоба жүзеге аспақ
Түркістан облысының Сауран ауданындағы «Иассы» өндірістік алаңында жалпы құны 6,3 млрд теңге болатын 24 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Жобалар нәтижесінде 430 жұмыс орны ашылмақ.

Аумағы 9 гектарды құрайтын өндірістік алаңда жиһаз, тігін бұйымдары, құрылыс материалдары, пластмасса және қағаз өнімдерін шығару көзделген.
Өндірістік алаңның жұмысымен еліміздің оннан астам өңірінен келген делегация танысты. Қатысушылар Түркістан облысының кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және шағын өндірістерді дамыту тәжірибесін зерделеді.
Қазір өңірде 200 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Соңғы екі жылда 12 индустриалды аймақ құрылып, олардың жалпы саны 21-ге жеткен.
Сондай-ақ облыста 29 шағын өнеркәсіптік парк құрылып, 275 өндірістік ғимараттың 178-і пайдалануға берілген. Парктерде 146 жоба іске қосылып, инвестиция көлемі 163 млрд теңгеге жеткен.



