Басты жаңалықтар

Президент Жолдауында ел дамуының жаңа бағыттары айқындалды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымы болып тыңдадық.

Жолдауда еліміздің алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды бастамалар мен нақты міндеттерге басымдық берілді. Мемлекет басшысы сөз басында Жолдаудың мәні мен маңызына тоқталып, ұлттық мерекеміз – Республика күнінің тарихи мәнін атап өтті.

Сондай-ақ биыл қасиетті Тәуелсіздігімізге 35 жыл толып отырғанын тілге тиек етіп, еліміздің жаңа тарихи кезеңдегі даму бағдарларына назар аударды. Биылғы жыл еліміз үшін маңызды саяси оқиғаларға толы болды. Наурыз айында жаңа Конституция қабылданып, мамыр айында Түркістан қаласында түркі мемлекеттері басшыларының бейресми саммиті өтті. Бұл оқиғалар ел өміріндегі елеулі белестердің бірі.

Мемлекет басшысы келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынды. Бастама аясында еліміздің барлық өңірінде жолдар, әуежайлар, вокзалдар, ауруханалар, оңалту орталықтары, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар салу және жөндеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысына да басымдық беріледі.

Жолдауда ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің маңызына да ерекше назар аударылды. Татулық пен ынтымақ – халқымыздың баға жетпес байлығы, мемлекеттігіміздің берік тірегі. Қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылық өзара құрметтен, түсіністік пен жауапкершіліктен басталады. Бірлігі бекем ел ғана көздеген мақсатына жетіп, келешекке сеніммен қадам басады.

Мемлекет басшысы жаһандық сын-қатерлер күшейген кезеңде ұлттық қауіпсіздікті нығайту, қоғамдық тұрақтылықты сақтау, талап пен тәртіпті қамтамасыз ету мәселелерінің өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ ел дамуының табысты болуы қоғамдағы бірлік пен келісімге, ортақ мақсат жолындағы жауапты еңбекке тікелей байланысты екенін жеткізді.

Жолдауда көтерілген бастамалар мен міндеттер елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілетуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға және өскелең ұрпақтың жарқын болашағына жағдай жасауға бағытталған.

Ел игілігіне арналған бастамалар нақты нәтижелерге ұласып, Қазақстанның өркендеуіне жол ашсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ерлан Дәкенов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button