Қазақстанда зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған көмек кабинеттері ашылады

Елімізде зорлық-зомбылықтан жапа шеккен кәмелетке толмағандарға кешенді қолдау көрсететін мамандандырылған көмек кабинеттері жұмысын бастайды. Жаңа тетік балаларға «бір терезе» қағидаты бойынша жан-жақты көмек ұсынуға бағытталған, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, аталған кабинеттерде балаға қолайлы орта қалыптастырылып, алғашқы психологиялық көмектен бастап сот-медициналық сараптамаға дейінгі барлық қажетті қызметтер бір жерде көрсетіледі. Сонымен қатар, бейінді мамандардың қатысуымен сауалнама жүргізіледі. Бұл тәсіл баланың әртүрлі мекемелерге жүгінуін азайтып, оның психологиялық тұрғыдан қайта жарақат алу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Бастама 2025 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойған «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген. Норма 2026 жылғы 2 наурыздан бастап күшіне енеді. Қазіргі уақытта көмек кабинеттерінің қызмет қағидалары әзірленіп жатыр. Құжат бекітілгеннен кейін өңірлерде оларды кезең-кезеңімен ашу жоспарланып отыр.
Заң аясында зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке, буллингке ұшыраған немесе соның куәсі болған кәмелетке толмағандарды анықтау және оларға көмек көрсету тәртібі де айқындалды. Құжатта балаларды анықтау тетіктері, көмек көрсету алгоритмдері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, 111 байланыс орталығының, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен өңірлік уәкілдердің өзара іс-қимыл тәртібі нақтыланған.
Жаңа бастама ведомствоаралық өзара әрекеттестікті күшейтіп, балаларға уақытылы әрі сапалы көмек көрсетуге бағытталған. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам кәмелетке толмағандардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.



