Отбасылардың әл-ауқаты цифрлық жүйе арқылы бағаланады
Қазақстанда 1 желтоқсанға дейін отбасылардың әлеуметтік жағдайын бағалайтын цифрлық жүйелерді біріктіру жоспарланып отыр. Бұл жұмыс мемлекеттік қолдауды халықтың нақты қажеттіліктеріне қарай ұйымдастыруға бағытталған.

Премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтарын атап өтті.
«Азаматтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру, адам капиталын дамыту және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау басты басымдықтар болуға тиіс. Бұл ретте әлеуметтік реформаларды терең талдаудың негізінде және азаматтардың жағдайын ескере отырып, барынша ойластырып жүргізу қажет», — деді Олжас Бектенов.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік қолдаудың жаңа тәсілдері алдымен пилоттық режимде, яғни сынақ ретінде кезең-кезеңімен енгізіледі.
Сондай-ақ әкімдерге әлеуметтік саясаттағы жаңа тәсілдерді тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жалғастыру тапсырылды.
Бұдан бөлек, Еңбек, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін арттыруды қамтамасыз ету міндеті жүктелді.



