«Рахмет» пе, «рақмет» пе: қайсысы дұрыс?
Қазақ тілінде алғыс білдіргенде «рахмет» деп жазамыз ба, әлде «рақмет» пе? Бұл сұрақ күнделікті жазбада жиі кездеседі. Қолданыста екі нұсқа қатар жүргенімен, қазіргі орфографиялық норма бойынша дұрыс жазылуы — «рақмет».

Неліктен «рақмет»?
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының түсіндіруінше, «рақмет» жазылымы қазақ тілінің қолданыстағы орфографиялық нормасына сәйкес келеді.
Бұл нұсқа 1983 жылы қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінің жаңа редакциясында бекітіліп, 1988 жылы орфографиялық сөздікке енгізілген. Кейінгі орфографиялық сөздіктерде де «рақмет» түрінде беріліп келеді.
Emle.kz электронды орфографиялық базасында да сөз «рақмет» деп көрсетілген.
Ал «рахмет» неге кең тараған?
«Рахмет» нұсқасының жиі жазылуы сөздің шығу төркінімен байланысты. Бұл сөз араб тілінен енген, араб тіліндегі нұсқасында «х» дыбысы бар.
Алайда кірме сөздер қазақ тіліне енгенде оның дыбыстық және емле заңдылықтарына бейімделуі мүмкін. Сондықтан сөздің түпнұсқадағы жазылуы мен қазақ тіліндегі нормативтік жазылуы бірдей болмауы мүмкін. Бұған қоса, «рахмет» нұсқасы қазақ тілінде ұзақ уақыт бойы қолданылып келген. Сол себепті ол халықтың жазба және ауызекі тілінде әлі де жиі кездеседі.
Сондықтан ресми құжатта да, журналистік мәтінде де, әлеуметтік желідегі сауатты жазбада да «рақмет» деп жазған жөн.



