Тайқазан – Баянауыл төрінде: Қос өңір арасындағы рухани сабақтастық тереңдей түсті

Қасиетті Түркістан қаласы мен киелі Баянауыл өңірі арасындағы тарихи-мәдени байланыстар жаңа белеске көтерілді. Рухани астанамыздың төрінен Павлодар облысының Баянауыл баурайына арнайы әкелінген қасиетті Тайқазанның макеті салтанатты түрде ашылып, тұғырына қонды. Тарихи жәдігердің ашылу рәсіміне Түркістан қаласынан арнайы ат басын бұрған өкілдер мен зиялы қауым қатысты. Делегация құрамында қалалық және облыстық ақсақалдар алқасы мен ардагерлер кеңесінің жетекшілері, мәдениет майталмандары мен ғалымдар болды.
Салтанатты шарада сөз алған Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, делегация жетекшісі Мадияр Бақтыбайұлы қос өңір арасындағы географиялық қашықтық рух пен тарих алдында түкке тұрғысыз екенін жеткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Баянауыл өңірін «тектілер төрі» деп бағалағанын тілге тиек еткен ол, бұл игі бастама Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тікелей қолдауымен жүзеге асқанын атап өтті.
Әзімбек Пазылбекұлының құттықтау хатынан: «Түркістан қаласы мен Баянауыл ауданы арасындағы мәдени байланыстарды нығайтып, тарихи-рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында Сіздерге Түркістанның символы саналатын қасиетті Тайқазанның макетін сыйға тарту – біз үшін үлкен мәртебе. Тайқазан – бірлік пен берекенің қасиетті нышаны».
Шаңырақ иелері ретінде Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожин мен Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев құрметті қонақтарға ілтипат көрсетіп, Түркістанның бұл тартуы өңір үшін үлкен қуаныш әрі берекеге баланар оқиға екенін жеткізді.
Рухани жиында қарт Түркістанның ақсақалдары Есенәлімұрат Ізтілеуов пен Қыдырәлі Рысбеков ақ батасын беріп, ел амандығы мен бірлігін тіледі. Ал айтыстың ақтаңгері Бекарыс Шойбеков жырдан шашу шашып, қазақтың әрбір шаңырағында қара қазан қайнай беруі тиіс екенін өлеңмен өрнектеді.
Кие қонып, бақ дарыған Түркістанның жақұт жәдігері – Тайқазан макеті енді бауырлас Баянауыл төрінде қос өңірдің достығы мен мәдени сабақтастығының мәңгілік ескерткіші ретінде асқақтап тұрмақ.



