Түркия Орталық Азия атауын «Түркістан» деп өзгертті

Түркияның Ұлттық білім министрлігі мектеп бағдарламасы мен оқулықтарына өзгеріс енгізді. Енді түрік мектептерінде «Орталық Азия» атауының орнына «Түркістан» термині қолданылады.
Білім министрі Юсуф Текиннің айтуынша, өзгерістің мақсаты – тарихи атауларды ұлттық көзқарас тұрғысынан жүйелеп, түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени байланысын нығайту.
Жаңартылған оқулықтарда бірқатар басқа атаулар да өзгерді. Атап айтқанда, «Эгей теңізі» – «Аралдар теңізі», «Крест жорықтары» – «Крестшілердің шабуылдары», «Географиялық ашылулар» – «Отарлау саясаты», ал «Армян мәселесі» – «Арменияның негізсіз талаптары» деген атаулармен беріледі.
Еске сала кетейік, соңғы жылдары Түркі мемлекеттері ұйымы аясында мүше елдердің (соның ішінде Қазақстан да бар) тарихшылары «Ортақ түркі тарихы», «Ортақ түркі географиясы» және «Ортақ түркі әдебиеті» оқулықтарын әзірлеу жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр.



