
Түркістан облысында биыл салық берешегі бар 738 жеке кәсіпкерге рақымшылық жасалады. Бұл туралы облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдеді.
Рақымшылық туралы заң аясында кәсіпкерлердің салық берешегін реттеу көзделген. Алайда бұл салық талаптарын бұзуға мүмкіндік береді деген сөз емес. Мемлекеттік кірістер органдары салықтан жалтару, жалған есеп тапсыру, салық салу нысандарын жасыру және басқа да заң бұзушылықтарды бұрынғыдай қатаң бақылауда ұстайды.

Сондай-ақ кеден, валюта заңнамасын бұзу, бақылау-касса машиналарын қолдану тәртібін сақтамау, электрондық шот-фактуралар, тауарларды таңбалау және лицензиялау талаптарын бұзу деректері бойынша әкімшілік іс жүргізіледі.
Жаңа талапқа сәйкес, бақылау-касса машинасын пайдалану тәртібін алғаш рет бұзған кәсіпкерге ескерту жасалады. Ал заңды қайта бұзған жағдайда жеке тұлғаларға 15 АЕК, жеке кәсіпкерлерге 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, қазір салық есептілігінің бірқатар түрі автоматты түрде қабылданады. Әкімшілік істер заң талаптарына сәйкес қаралады, ал уақытында төленбеген айыппұлдар мәжбүрлеп өндіріп алу рәсіміне жіберіледі.



