
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сайрам ауданындағы өңір экономикасын алға сүйреп тұрған «KAZ ECO MEAT» ет комбинатына арнайы барды.

Өткен жылы 460 гектар аумақта бой көтерген бұл заманауи алып кешен бүгінде жылына 30-40 мың тонна ет өндіріп, мал шаруашылығы саласында нағыз серпіліс жасап отыр. Заманауи технологиямен жабдықталған зауыт бір ауысымда 500 бас ірі қара мен 600 бас ұсақ мал етін терең өңдеуге қауқарлы. Ең қызығы, мұнда шығарылатын сапалы өнімнің тең жартысы, яғни 50 пайызы бірден шетелдік нарыққа экспортқа жөнелтіледі, ал қалған бөлігі ішкі нарықты қамтамасыз етеді.

Бұл алып жоба өңірдегі 70 адамды орташа есеппен 200 мың теңге жалақысы бар тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жалпы, Түркістан облысы бүгінде мал шаруашылығы мен ет экспорты бойынша елімізде көш бастап тұр.

Кәсіпорын жұмысшыларымен және жергілікті шаруалармен кездескен министр Айдарбек Сапаров өңірдің осы әлеуетін тілге тиек етіп, жауапты мамандарға өнім сапасын жоғары деңгейде ұстап, экспорт географиясын бұдан да ары кеңейтуді тапсырды.



