Жастарға жаңа мүмкіндік сыйлаған мәдениет үйі
Келес ауданының Жүзімдік ауылында заманауи мәдениет үйі пайдалануға берілді.

149 орынға арналған жаңа ғимаратта кітапхана, хореография залы, конференц-зал мен шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді. Бұл ауыл жастарының өнерін шыңдап, тұрғындардың мәдени өмірін жандандыратын жаңа орталыққа айналмақ.
Нысанның ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтады. Оның айтуынша, өңірде мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді.

Облыс құрылғаннан бері 26 мәдениет үйі мен клубтың құрылысы аяқталған. Соның төртеуі Келес ауданында бой көтерген. Биыл ауданда жаңа музейдің құрылысын аяқтап, халық игілігіне беру жоспарланып отыр.
Жаңа мәдениет үйінде көрермен залы, кітапхана, шығармашылық кабинеттер мен қызметтік бөлмелер жабдықталған. Мұнда концерттер, мәдени шаралар, түрлі үйірмелер мен қоғамдық кездесулер өткізуге толық жағдай жасалған.

Салтанатты рәсім барысында облыс әкімі мен ауыл ақсақалдары нысанның лентасын қиып, мәдениет үйін ресми түрде ел игілігіне тапсырды. Кейін қонақтар жаңа ғимаратты аралап, оның мүмкіндіктерімен танысты.
Жаңа мәдениет ошағы ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, жас таланттардың шығармашылығын шыңдайтын маңызды орталық болмақ.



