
Түркістан облысы тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша елімізде көш бастап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Биыл өңірге 1 триллион 783,9 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланса, оның 614,2 миллиард теңгесі алғашқы 5 айдың ішінде-ақ бағытталып үлгерген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда өсімнің 150,5 %-ға жеткенін көрсетеді.
Айта кетерлігі, 2025 жылдың қорытындысы бойынша аймаққа келген тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 миллиард АҚШ долларына жуықтап, жылдық жоспарды 4 есеге жоғары орындаған. Осы жетістігі арқылы Түркістан облысы Қазақстан бойынша 1-орыннан көрінді. Ал ағымдағы 2026 жылға арналған шетелдік инвестиция жоспары 499 миллион АҚШ доллары деңгейінде бекітіліп отыр.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірдегі әрбір жобаның орындалуы тұрақты бақылауда болатыны мәлімделді. Әкім жауапты тұлғаларға инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасап, жұмыстарды сапалы үйлестіруді шегелеп тапсырды.
Өңірде 2026-2029 жылдар аралығында жалпы құны 2,8 триллион теңге болатын 122 инвестициялық жобадан тұратын ірі пул қалыптасты. Осы жобалар толық іске қосылғанда аймақта 17 820 жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 608,9 миллиард теңгелік 30 жоба тікелей шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асып жатыр.
Биыл іріктелген 67 жобаның ішінен алғашқы 5 айда 42,4 миллиард теңгенің 11 жобасы іске қосылып, 407 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды.
Қазіргі уақытта облыс аудандарында өндіріс орындары жаппай салынуда.
Жиын соңында облыс басшысы жаңа жобаларды жіті зерделей келе, аудан және қала әкімдеріне жұмысты ширату бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.



