Түркістаннан ғарышқа ұшқан наноспутниг
Түркістанда бұрын-соңды болмаған оқиға тіркелді.

Оқушылар өз қолдарымен құрастырған «YasSat-2026» наноспутнигі аспанға сәтті ұшырылды.
Оқушылар сарайының 5 жылдығына орай жүзеге асқан жоба жас өнертапқыштардың бірнеше айлық еңбегінің нәтижесі болды. Олар 3D-модельдеу, бағдарламалау, сенсорлық жүйелерді құрастыру және тестілеу жұмыстарын меңгеріп, нағыз ғылыми құрылғы жасап шыққан.

Арнайы гелиймен толтырылған аэростат арқылы ұшырылған наноспутник 10 мың метр биіктікке көтеріліп, жерге нақты уақыт режимінде мәліметтер жолдады. Құрылғы ауа температурасы, қысым, ылғалдылық пен ауа сапасын өлшеп, фото және бейнетүсірілім жүргізді.
Мамандардың айтуынша, жоба оқушылардың ғылымға, инженерияға және ғарыш технологияларына қызығушылығын арттыруға бағытталған. Ал жиналған деректер алдағы ғылыми зерттеулер мен халықаралық байқауларда пайдаланылмақ.

Бір сөзбен айтқанда, Түркістан жастары енді тек ғарыш туралы оқып қана қоймай, өз жобаларын көкке самғатып жатыр.



