Turkistan lifeБасты жаңалықтар

Түркістанның тірі тарихы: Рахия Сүлейменқызының жарты ғасырлық ғибраты

Қазақ руханиятының шамшырағы Өзбекәлі Жәнібековтің тәлімін алып, қасиетті мекенде жарты ғасырға жуық табан аудармай қызмет еткен тұлға.

Түркістан десе, көз алдымызға көк күмбезді Қожа Ахмет Ясауи кесенесі келері анық. Алайда сол кесененің әр кірпіші мен әр жәдігерінің сырын іштей ұғып, оны кейінгі ұрпаққа жеткізіп жүрген тұлғалардың еңбегі – өз алдына бір тарих. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ардақты қызметкері, тәжірибелі экскурсовод Рахия Сүлейменқызы Жүзбаева. Ол – қазақ руханиятының алыбы Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей тәлімін алып, қасиетті мекенде жарты ғасырға жуық табан аудармай қызмет етіп келе жатқан жан.

Тағдыр жолы: Алматыдан Түркістанға дейін

– Рахия Сүлейменқызы, сіздің өмір жолыңыз бен музейге келу тарихыңыз үлкен бір ізденістен басталған екен. Бәрі қалай басталды?

– Мен осы киелі Түркістан қаласының тумасымын. Мектеп бітірген соң арман қуып Алматыға барып, шетел тілдері институтына оқуға түстім. Ол кезде неміс тілі өте беделді еді, соны меңгеріп, туған жеріме маман ретінде оралдым. Бірақ, өкінішке орай, мектептерден орын табылмады. Жастық жалынмен жұмыс іздеп біраз табалдырықты тоздырғаным есімде. Соғыс ардагерінің қызы едім, анам байғұс «оқыған қызыма жұмыс жоқ па?» деп менімен бірге екі ай бойы мектептерді аралады. Соңында қалалық партия комитетіндегілер: «Ясауи кесенесінің негізінде музей ашылайын деп жатыр, ұйымдастыру жұмыстары жүруде. Соған барып көріңіз, Өзбекәлі Жәнібеков деген азамат сол жерде жүр», – деді. Содан тәуекел етіп кесенеге келдім. Сол күннен бастап өмірім осы қара шаңырақпен мәңгілікке байланысты.

Өзбекәлі Жәнібековтің мектебі: «Шаң шығармай сыпыруды да үйретті»

– Өзбекәлі Жәнібековтей ұлт қайраткерімен алғаш кездескен сәтіңіз жадыңызда болар? Ол кісінің қарапайымдылығы мен талапшылдығы туралы не айтасыз?

– Өзбекәлі ағаны алғаш көргенде таңғалғанымды жасыра алмаймын. Ол кезде ол кісі Мәдениет министрінің орынбасары еді. Бірақ соған қарамай, үстіне жұмысшы киімін киіп, басына орамал таңып алып, қарапайым жұмысшылармен бірге су тасып, топырақ шығарып жүрді. Сырттай қатал көрінгенімен, жүзінен мейірім төгіліп тұратын келісті кісі еді. Анам «қызым институт бітірді, жұмыссыз жүр» дегенде, бірден: «Шетел тілін білсе, тіптен жақсы, бізге мұндай маман керек! Бүгіннен бастап жұмысқа қалсын», – деді.

Менің сол кездегі киіміме қарап: «Апа, қызыңыз бұдан да жақсы киім киетін болады, қазір жұмысқа кіріссін», – деп, сол жерде мені де қара жұмысқа салды. Біз ол кісімен бірге тас жудық, еден сыпырдық. Көпшілік ол кісінің айғайынан қорқатын, ал мен оның әр сөзін жадыма тоқып, қасынан қалмайтынмын. Тіпті үй сыпырудың да өз мәдениеті болатынын, шаң шығармай, сыпырғыны адамға қаратпай ұстау керектігін сол кісіден үйрендік. Ол – тұнып тұрған этнограф, тарихшы әрі ұлы ұстаз еді.

Этнографиялық детальдар: «Түйе табан» мен «Тақия» тарихы

– Музей экспозициясын құру кезінде әрбір ұсақ-түйекке дейін мән берілген деседі. Осы орайда ұлттық нақыштардың маңызына тоқталсаңыз?

– Өзекең әрбір оюдың мағынасын жіліктеп шағып беретін. Мысалы, музейде әлі күнге дейін киізбен қапталған сандық тұр. Оған қызыл жіппен «түйе табан» оюы салынған. Маған ол жай ғана ирек сызық сияқты көрінген еді. Сөйтсем, бұл – көш кезінде кітап салынған сандықтың сырты түйенің терісін қажамас үшін жасалған әдіс екен. Ал «түйе табан» оюы тек сол мақсатқа ғана қолданылады.

Сондай-ақ, музей қызметкерлерінің киіміне де ерекше мән берді. Алматыдан арнайы мата алдырып, бізге көйлек пен тақия тіктірді. Мен ол кезде жаспын, тақияны «үкісі жоқ, татардың телпегі сияқты екен» деп кигім келмеді. Сонда Өзекең: «Сен сахнадағы әртіс емессің, сен – қызметкерсің. Қызметкерге үкі тағу жараспайды, қазақ қыздары осылай киінген», – деп ұлттық этикетті үйретті. Сол көйлектер мен тақиялар кейін мемлекет меншігі ретінде қоймаға өткізілді. Бірақ мен 2024 жылы Өзбекәлі Жәнібековтің көрмесін ұйымдастырғанда, сол ескі үлгілерді жаңғыртып, қайта тіктіріп, экспозицияға қойдым.

Кеңестік кезеңнің қиындықтары мен «Ясауи әруағы»

– Ол уақытта қажетті жабдықтарды табу оңай болмаған шығар? Жұмыс барысында қандай қызықты сәттер болды?

– 1978 жылдары дүкенде жиһаз тұрмайтын, бәрі «база» арқылы таныспен алынатын. Бірде музейге сапалы орындықтар керек болып, база бастығын шақыртты. Ол кісі арзанқол, жұқа орындықтарды әкеле салыпты. Өзекең оған қарап тұрып: «Мынауың ертең сынып қалады ғой. Мен Аханға (Қожа Ахмет Ясауиді айтқаны) хабар бермесем болмайды екен», – деді. Дінге тыйым салынған кезде «Аруаққа хабар беремін» дегенді естіген база бастығы зәресі ұшып, Шымкенттен ең сапалы, былғары орындық  тауып келгені бар. Өзекең осындай шешен әрі тапқыр кісі еді.

Тарихи кездесулер: Қонаевтан Назарбаевқа дейін

– Сіз еліміздің бірінші басшыларына экскурсия жүргізген мамансыз. Ол кездегі атмосфера мен қазіргі жағдайды салыстыра аласыз ба?

– Дінмұхамед Қонаевқа үш рет экскурсия жүргіздім. Ол кісі биліктен кеткен соң да кесенеге арнайы келді. Ол уақыттың ерекшелігі – халық пен биліктің арасы жақын еді. Қонаев келгенде адамдар еркін жақындап, амандасып, сұрақтарын қоя беретін. Қазір, әрине, қауіпсіздік шаралары өте қатал, президент пен халықтың арасы біршама алшақтағандай көрінеді.

Ал Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев келгенде де қызықты жағдайлар болды. Бірде жоғары жақтан дайындалып келген мамандар толқығанынан сөйлей алмай, аузына сөз түспей қалды. Сондай сәтте тәжірибе мен салқынқандылық құтқарады. Мен 22 жасымнан осы жерде болғандықтан, ешқашан қобалжыған емеспін.

Ясауидің жұмбақ портреті

– Сұхбатымыздың ең маңызды жаңалығы ретінде – Қожа Ахмет Ясауидің бұрын-соңды жарияланбаған портреті туралы айтып берсеңіз?

– Бұл – өте құнды тарих. 1991 жылы Түркия тарапынан Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ашылғанда бір топ ғалымдармен кездесу өтті. Сол кезде бізге бірнеше журналдар сыйға тартылды. Соның ішінде тастан қашалған Ясауи бабамыздың бейнесі бар екен. Мен сол суретті бес жыл бойы көзімнің қарашығындай сақтап жүрдім. 1996 жылы жергілікті суретші Қуаныш Сейтбековке барып, сол журналдағы бейне негізінде үлкен портрет салдырдым әлі күнге дейін ешбір бұқаралық ақпарат құралында, ғылыми еңбекте жарияланбаған.

– Рахия Сүлейменқызы, әңгімеңізге рақмет! Сіздің музейге деген адалдығыңыз бен Өзбекәлі Жәнібековтей тұлғаның аманатына қиянат жасамаған еңбегіңіз – жастарға үлгі.

Рахия Сүлейменқызы бүгінде зейнет жасында болса да, музейден қол үзген емес. Ол өзін Өзбекәлі Жәнібековтің шәкіртімін деп есептейді. «Жастар қазір өте алғыр, бірақ біздің міндет – оларға сол кездегі қажырлы еңбек пен ұлттық кодтың мәнін түсіндіру», – дейді кейіпкеріміз. Түркістанның әр тасында тарих жатса, сол тарихты тірілтіп тұрған Рахия апайдың қоңыр дауысы кесене дәлізінде әлі де жаңғырып тұрғандай.

 

Ақниет Қалдыбекова

Басқа жаңалықтар

Back to top button