Басты жаңалықтар

Түркістанда Президент телерадиокешенінің кинолекторийі өтті

Түркістанда ҚР Президенті телерадиокешенінің 30 жылдығына арналған «Шежіреден болашаққа» атты мәдени-ағартушылық кинолекторийі өтті.

Түркістан қаласында ҚР Президенті телерадиокешенінің (ТРК) 30 жылдығы аясында «Шежіреден болашаққа» атты ауқымды ағартушылық кинолекторийі ұйымдастырылды. Шара барысында көрермендер назарына ТРК деректі фильмдер орталығы әзірлеген айтулы туындылар ұсынылды.

Ауқымды жобаның алғашқы күнінде Түркістан жұртшылығы «Арал» және «Серт» деректі фильмдерін тамашалады. «Арал» туындысы өмір бойы теңіз жағасында балық аулаумен айналысқан қарт балықшы Күнтуған Тұрғанбаевтың тағдыры арқылы аймақтың соңғы онжылдықтағы өзгерістерін баяндайды. Фильмде Арал теңізінің шамамен 36 пайызы қалпына келтірілгені айтылады. Түсірілімге қатысқан ақсақал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында теңіздің қайта жандана бастағаны маңызды екенін жеткізді.

Ал «Серт» фильмі Қазақстанның 2024 жылғы жойқын су тасқынының салдарын қалай еңсергенін сипаттайды. Мемлекет басшысының жеке бақылауымен апат аймақтарында жаңа үйлер салынып, инфрақұрылым жедел қалпына келтірілгені көрсетіледі. Салтанатты шараға қатысқан Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов бұл туындылардың тәрбиелік мәніне тоқталып, халықтың бірлігі мен ынтымағын көрсетудегі маңызын жоғары бағалады. Көрсетілімнен кейін пікір білдірген жергілікті тұрғындар да фильмдердің операторлық шеберлігі мен шынайылығын ерекше атап өтті.

Кинолекторийдің екінші күнінде елдің туристік әлеуетін зерттейтін «Travel Kazakhstan» және екіжақты қарым-қатынасты арқау еткен «Қуатты серіктес» (Қазақстан мен Жапония ынтымақтастығы) фильмдері көрсетілді. Барлық туындылардың сценарий авторы – Нұрлан Қабдай, ал режиссерлері – Зухраб Отаров пен Дәулет Әуелбеков.

Еліміздің бас қаласында 21 мамырда басталған бұл жоба Қызылорда мен Түркістаннан кейін Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау, Орал және өзге де өңірлерде жалғасады. Өңірлік әкімдіктердің қолдауымен кинотеатрларда өтетін көрсетілімдерге кіру тегін. Ауқымды мәдени жоба 25 қыркүйекте Алматы қаласында қорытындыланады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button