ШЫМКЕНТ ПЕН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫНЫҢ ТАРИФІ ӨЗГЕРЕДІ

2026 жылдың екінші жартыжылдығында Шымкент қаласы мен Түркістан облысында электр энергиясының тарифіне өзгеріс енгізіледі. Бұған электр энергиясының түпкілікті тарифін қалыптастыратын бірқатар қызметтердің құнының өсуі себеп болып отыр.
15 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің тиісті бұйрығы күшіне енеді. Соған сәйкес бірқатар электр энергиясын жеткізуші ұйымдар үшін Бірыңғай сатып алушыдан электр энергиясын сатып алу құны 1 кВт·сағат үшін 3 теңгеге артады.

Бұдан қоса, «KEGOC» АҚ-ның Ұлттық электр желісі арқылы электр энергиясын жеткізу қызметінің тарифі, сондай-ақ Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығының тарифі де қайта қаралған болатын.
Қарапайым тілмен айтқанда, электр энергиясының бағасы тек оның өзін сатып алу құнынан ғана тұрмайды. Оның құрамына электр энергиясын сатып алу, ұлттық электр желілері арқылы жеткізу және энергетикалық жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге байланысты шығындар да кіреді. Сондықтан осы қызметтердің құны өзгерсе, бұл түпкілікті тарифке де әсер етеді.

Мамандардың айтуынша, дәл осы өзгерістер Шымкент пен Түркістан облысында тарифтің қайта қаралуына негіз болып отыр. Бұл өз кезегінде электр энергиясын сатып алу мен жеткізуге байланысты міндеттемелерді уақытылы орындауға, сондай-ақ тұтынушыларды сенімді әрі үздіксіз электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.



