Түркістандық кибер-майдан
Түркістан облысында алаяқтардың «тұзағына» түскендер кімдер және тәртіп сақшылары қандай құпия әдіске көшті?

Бүгінде интернет-алаяқтардың құрығы ұзын болып тұр. Технология дамыған сайын, олардың да айла-тәсілдері күн санап өзгеріп жатыр. Салдарынан қаншама отандасымыз сан соғып, миллиондаған материалдық және моральдық шығынға батуда.
Бірақ, заң орындары да қарап отырған жоқ. Еліміздің ІІМ жүйесінде арнайы Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті құрылып, алаяқтарға қарсы нағыз «соғыс» жариялады. Түркістан облысында ағымдағы жылдың алғашқы 4 айында не болғанын білесіз бе? Желіде 212 қылмыстық дерек тіркелген. Оның ішінде 144 қылмыстың беті ашылып, көрсеткіш 60,7 пайызды құрады. Бұл туралы брифинг барысында Түркістан облыстық Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Қуанышбай Жұмаділдаев мәлімдеді.

Департамент бастығы, полиция генерал-майоры А. Заппаровтың тікелей тапсырмасынан кейін облыста бұрын-соңды болмаған ауқымды акция басталған. Тәртіп сақшылары халықты сақтандыру үшін компьютер алдында ғана емес, көшеге шығып жұмыс істеуге көшті. Полиция қызметкерлері облыстағы әрбір шаңырақтың есігін қағып, тұрғындарға алаяқтардың арбауына түспеудің жолдарын түсіндіруде. Жыл басынан бері жоғары оқу орындарында студенттер мен оқытушылардың қатысуымен 370-тен астам кездесу өтті.

Егер сіз әлеуметтік желіде отырсаңыз, «Polisia.kz» немесе «Түркістан облысы Полиция департаментінің» ресми парақшаларынан алаяқтардың жаңа айлалары туралы видеоларды көрген боларсыз. Оған қоса, қала көшелеріндегі үлкен LED экрандар мен билбордтар да қазір «Сақ бол!» деп ескертіп тұр.
Есіңізде болсын, алаяқтардың құрығына түспеудің ең басты жолы ақпараттық сауаттылық. Жеке мәліметтеріңіз бен карта құпия кодтарын ешкімге сеніп бермеңіз.



