
Бүгін еліміздегі барлық мектептерде соңғы қоңырау сыңғыры естіліп, түлектердің мектеппен қоштасу сәті өтті. Түркістан облысында бұл күн «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары» тақырыбында ұйымдастырылып, білім беру ұйымдарында арнайы тәрбие сағаттары өткізілді.

Түркістан қаласындағы №28 мектепте өткен салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, ұстаздар мен оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Ол білім саласында еңбек етіп жүрген ұстаздарға алғыс айтып, мектеп бітіруші түлектерге сәттілік тіледі.
– Сіздер – елдің ертеңі, тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағысыздар. Білім алып, ғылым жолында ізденіп, биік белестерді бағындырыңыздар. Ұстаздарыңыздың сенімін ақтап, ел дамуына үлес қосатын азамат болыңыздар, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Аталған мектепте биыл 1761 оқушы оқу жылын аяқтады. Білім ордасында 200-ге жуық педагог еңбек етеді. 11-сыныпты тәмамдаған 65 түлектің 4-еуі «Алтын белгіге», 8 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.

Салтанатты шара барысында түлектер ұстаздарына алғыс айтып, мектеппен қимай қоштасты. Ұстаздар қауымы оларға ақ жол тілеп, болашақ қадамдарына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, биыл Түркістан облысында 35 294 оқушы 11-сыныпты тәмамдады. Оның ішінде 2 416 оқушы «Алтын белгіге», 3 141 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер атанды. Сонымен қатар ҰБТ-ға қатысуға 31 535 оқушы өтінім берген.



