Басты жаңалықтар

Түркістан өндіріс орталығына айнала ма?

Түркістан облысында өндірістік парктерді дамыту жұмыстары қарқынды жалғасуда.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте өндірістік парктердің құрылысы, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Қазіргі таңда өңірде 29 шағын өндірістік парк құрылып, 275 өндірістік ғимараттың құрылысы басталған. Оның 150-і пайдалануға берілді. Жалпы құны 226,9 миллиард теңгені құрайтын 269 инвестициялық жоба жасақталып, бүгінге дейін оның 98-і іске қосылған.


Өндірістік парктер өңір экономикасын әртараптандырып, жаңа өндіріс орындарының ашылуына жол ашуда. Мәселен, Шаға өндірістік паркінде жиһаз, сэндвич-панель және металл бұйымдарын шығаратын кәсіпорындар жұмысын бастаған. Сауран ауданында да жиһаз, құрылыс материалдары мен металл өңдеу бағытындағы өндірістер кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр.


Шардара ауданында модульді және капсулалы үйлер, термопанельдер, қасбеттік және декоративті материалдар өндіретін цехтар ашылса, Отырар ауданында темір бұйымдары, құрама жем, жемістерді сублимациялық әдіспен кептіру және құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар іске қосылған.


Төлеби ауданында полиэтилен өнімдері, пластик есік-терезелер, жиһаз және құрылыс материалдары өндірісі жолға қойылды. Қазығұрт ауданында бал шаруашылығына арналған жәшіктер, матрас шығару және пластик ыдыстарды қайта өңдеу жобалары жүзеге асуда. Ал Жетісай ауданында жиһаз жасау, металл бұйымдарын өндіру және дәнекерлеу цехтары жұмысын бастады. Созақ ауданында төрт өндірістік жоба іске қосылып, дайын ғимараттар кәсіпкерлерге берілген.

Сонымен қатар Түркістан, Арыс, Кентау қалалары мен Ордабасы, Сарыағаш, Мақтаарал, Келес, Сайрам, Түлкібас және Бәйдібек аудандарындағы өндірістік парктерде құрылыс жұмыстарын аяқтау, инженерлік инфрақұрылым тарту және инвесторларды орналастыру жұмыстары жалғасуда.

Мәжілісте бірқатар өндірістік парктердегі электрмен қамту, құрылыс қарқынының баяулауы және жобаларды іске қосу мерзімдерінің кешігуі мәселелері де көтерілді. Осыған байланысты жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.


Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан және қала әкімдеріне өндірістік ғимараттардың құрылысын мерзімінде аяқтап, бос тұрған нысандарға инвесторлар тартуды тапсырды. Сондай-ақ меморандум деңгейінде қалған жобаларды нақты өндіріске айналдырып, инженерлік инфрақұрылым мәселелерін жедел шешуді және өндірістік парктердің екінші кезеңі аясындағы жаңа нысандар құрылысын уақытылы аяқтауды міндеттеді.

Өндірістік парктердің дамуы Түркістан облысында жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, өңір экономикасының тұрақты өсіміне де серпін беруде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button