Басты жаңалықтар

Қазақстанда 7 жылда 1 259 медициналық нысан ашылды

Қазақстанда соңғы жеті жылда 1 259 медициналық нысан пайдалануға берілді. Оның 655-і ауылдық жерлерде салынған. Сонымен қатар осы кезеңде азаматтарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 1,28 трлн теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Ауылдарға жаңа медициналық нысандар салынды

Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында елде жаңа ауруханалар, емханалар, дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттер ашылып жатыр.

Соңғы жеті жылда пайдалануға берілген нысандардың ішінде 32 аурухана, 19 емхана және 1 196 дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт бар. Бұдан бөлек, үш ұлттық ғылыми медициналық орталық және басқа да тоғыз медициналық ұйым ашылған.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдық жерлерде 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны салынды. Нәтижесінде 200-ден астам ауыл алғаш рет медициналық мекемеге қол жеткізді. Ал шамамен 1 миллион ауыл тұрғыны медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерден алу мүмкіндігіне ие болды.

2025 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық, Алматыда 350 төсек-орынға арналған Ұлттық жұқпалы аурулар ғылыми орталығы салынды. Өңірлерде де бірқатар медициналық нысанның құрылысы аяқталды.

Медициналық инфрақұрылымды дамыту жалғасады

Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша жаңа көпбейінді ауруханалар салу және медициналық ұйымдарды жобалауда халықаралық стандарттарды енгізу жоспарланған.

2030 жылға қарай денсаулық сақтау нысандарының тозу деңгейін 30%-ға дейін, ал бейімделген ғимараттардың үлесін 25%-ға дейін төмендету міндеті қойылған.

Бұл шаралар қала мен ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігі арасындағы айырмашылықты азайтуға бағытталған.

Тегін дәрі-дәрмекке бөлінетін қаржы артты

Қазақстанда соңғы жеті жылда тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 1 трлн 284,8 млрд теңге жұмсалған.

2019 жылы бұл мақсатқа 83 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы қаржы көлемі 272,9 млрд теңгеге жеткен. Осы кезеңде тегін дәрі алатын азаматтардың саны 2,5 миллионнан 3,4 миллионға дейін өскен.

2026 жылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуға 584,1 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 9,6%-ға көп.

Сонымен қатар отандық 66 дәрілік препараттың бағасы төмендетіліп, бюджет қаражатының 10,3 млрд теңгесін үнемдеуге мүмкіндік туған.

Дәрі-дәрмек сатып алу жүйесі жетілдіріліп жатыр

2026 жылы тікелей келісімшарттар арқылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 404 атауын сатып алу жоспарланған. Салыстырмалы түрде, 2025 жылы бұл көрсеткіш 182 атау болған.

Бұдан бөлек, БҰҰ Даму бағдарламасы, ЮНИСЕФ және туберкулезге қарсы күрестің халықаралық тетіктері арқылы 32 атаудағы дәрілік затты сатып алу көзделген. Былтыр бұл көрсеткіш 23 атауды құраған.

Медициналық инфрақұрылымды жаңарту мен тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары халыққа медициналық көмекті қолжетімді етуге бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button