Тарихты күзеткен тағдыр

Көне Түркістанның аспанында азан үні қалықтап, Әзірет Сұлтан кесенесінің көк күмбезі күн нұрымен шағылысады. Осы бір киелі мекеннің әр кірпіші мен әр жәдігеріне көздің қарашығындай қарап, он бес жыл өмірін тарихты күзетуге арнаған жан бар. Ол – 40 жастағы Түркістан тұрғыны Дүйсекеев Аманат Қыдырәліұлы.
Біз Аманатты жұмыс орнынан, күнделікті қызметтік киімінде жолықтырдық. Кесене алдындағы қоңыр салқын сәтті пайдаланып, емен-жарқын әңгімеге көштік. Бүгінде музей қараушысы болып еңбек ететін кейіпкеріміздің күнделікті тіршілігі үлкен ерлік пен адалдықтың үнсіз үлгісі іспетті.

«Ерлік тек майданда емес» айдары аясында біз қарусыз-ақ ел мүддесіне қызмет етіп, ұлттық құндылықтарды ұлықтап жүрген қарапайым сала маманының тыныс-тіршілігіне үңіліп көрдік. Көпшілік байқай бермейтін, бірақ кесененің тыныштығы мен тазалығына жауапты жанның жүрекжарды әңгімесі төмендегіше өрбіді.
Кейіпкеріміздің азан шақырып қойылған есімі негізінен – Аманәлі. Алайда, мектеп бітіріп, алғашқы әскери тіркеуге тұрар шақта мұғалімінің абайсызда жіберген қатесі оның тағдырын басқа арнаға бұрған.
«Құжат толтырғанда «Аманәліні» түсінбей, «Аманат» деп жазып жіберіпті. Оны Алланың ісі болар деп өзгертпедік. Содан бері Аманатпын, қазір балаларым да Аманатұлы болып кетті», — дейді ол өткенге көз жүгіртіп.
Расымен де, бүгінде ол бабалардың аманатын арқалап, киелі шаңырақтың шырақшысындай болып жүр. Аманаттың бұл кесенемен тағдыры тоғысқанына 15 жылдың жүзі болған. Ол еңбек жолын 2011 жылы күзетші болып бастап, он жыл бойы табан аудармай қызмет еткен. Ал 2021 жылдан бастап «музей қараушысы» деген жауапты міндетке ауысты.
«Біздің қорықшылардан айырмашылығымыз – біз тікелей ішкі жәдігерлерге жауаптымыз. Тайқазаннан бастап, көне құмыралар мен әрбір экспонаттың тазалығы, бүтіндігі біздің мойнымызда», – деп түсіндірді ол өз міндетін.
Кейіпкеріміз әр жәдігерге ерекше құрметпен қарайтынын байқадық. Ол үшін мұндағы әр зат тарихтың тірі куәгері.
«Музейіміздің ең құнды жәдігері – Тайқазан. Одан бөлек Лаухаларымыз бен шырағдандарымыз бар. Бұлардың бәрі Әмір Темірдің Қожа Ахмет Ясауи бабамызға деген шексіз құрметінің белгісі ретінде арнайы істеткен сыйлары», – дейді Аманат мақтанышпен.
Оның айтуынша, кесенедегі жұмыс өзге нысандардағы кезекшілікке мүлдем ұқсамайды. Мұнда уақыт өткізу үшін емес, рухани толысу үшін қызмет етесің.
«Басқа жерде адамның іші пысып, темекіге әуес болуы мүмкін, ал мұнда келушілер де, қызметкерлер де бес уақыт намазын қаза қылмай, Алладан медет тілеп, таза жүруге тырысады», — деп түйіндеді ол.
Кесененің киесі неде деген сұрағымызға Аманат іркілмей жауап берді. Оның пайымында, бұл жай ғана сәулет өнері емес, қазақтың тұтас тарихы тоғысқан пантеон.
«Бұл жерде қазақтың 21 ханы, сұлтандары мен би-болыстары мәңгілік тыныс тапқан. Арқадан 900 шақырым жерден Қазыбек би бабамызды осы жерге әкеліп жерлеген. Одан бөлек, Рабиға Сұлтан Бегім секілді абыз аналарымыз жатыр. Ол кісі өз заманында 6 тілді меңгерген, қыздарға білім берген ұлы ұстаз болған. Осы киелі тұлғалардың рухы мен демеуі бұл жерді ерекше етіп тұр», – дейді ол маңайына тебірене қарап.
Он бес жылдық еңбек жолы Аманатты тек жақсы маман ғана емес, сонымен бірге ұқыптылыққа, темірдей тәртіпке және ең бастысы имандылыққа тәрбиелеген.

«Музей қараушысы» дегенді естігенде, көз алдымызға тек жәдігерлердің шаңын сүртетін адам елестеуі мүмкін. Қараушының міндеті тек тазалық емес, ол жәдігердің «тілін» табу, оның бүлінбеуін қадағалау және ең бастысы, кесене ішіндегі рухани этикетті сақтау. Он бес жыл бойы бір киелі шаңырақтың шырақшысы болу нағыз адалдықтың белгісі. Ел шетіне жау келгенде емес, күнделікті тіршілікте өз ісіне мінсіз қарау, ұлттық құндылықты көздің қарашығындай сақтау нағыз ерлік. Аманат Қыдырәліұлының есімі де, ісі де бүгінде бабалар аманатына қызмет етудің жарқын үлгісіне айналған.
Түркістанның қоңыр салқын кешінде, кесене қабырғасына сүйеніп тұрып бір нәрсені ұқтық. Әзірет Сұлтанның күмбезі тек кірпіштен емес, осындай өз ісіне ғашық, рухы таза жандардың махаббатынан да құралғандай.



