Түркістанның мәртебесі өзгерді ме?
Саясаттанушы Риззат Тасым маңызды деректерді жариялады.

Түркістанда өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті аясында «Қазақстандық қоғамдық даму институты» институционалдық талдау және реформалар орталығының директоры Риззат Тасым пікір білдірді, деп хабарлайды turkistanlife.kz тілшісі.
Саясаттанушының айтуынша, Түркістан қаласының мәртебесі соңғы жылдары сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілген. Егер 2021 жылғы онлайн саммитте шаһар «Түркі әлемінің рухани астанасы» болып бекітілсе, бүгінде ол ірі экономикалық және технологиялық орталыққа айналып отыр.
«Бүгінгі таңда Түркістан тек қана рухани астана емес, сонымен бірге экономикалық, мәдени-гуманитарлық саласы тоғысқан түркі әлемінің ең беделді орталығына айналып отыр. Оған толық негіз бар. Мысалы, Түркістан облысында «Тұран» еркін сауда аймағы мен «Орталық Азия» халықаралық сауда хабының құрылуы қаланың экономикалық әлеуетін айқындай түседі», — деді Риззат Тасым.
Спикер өз сөзінде түркі елдері арасындағы ықпалдастықтың нақты нәтижелеріне тоқталды. Соның ішінде «Орта дәліздің» маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан, Әзербайжан және Түркия арасындағы сауда айналымы соңғы 10 жылда 5 есеге артқан.
Сондай-ақ сарапшы цифрландыру мен жасанды интеллект мәселелерінің күн тәртібіне шығуын заман талабы деп санайды. Ол Түркі инвестициялық қорының 500 миллион АҚШ долларына жеткен қаражаты ортақ IT-жобаларды дамытуға үлкен серпін беретінін жеткізді.
«Қазақстан цифрландыру бойынша халықаралық рейтингтерде үлкен жетістіктерге жетті, сондықтан бұл мәселені көтеруге толық құқылы. Түркістан тек рухани-тарихи сабақтастықтың орталығы емес, заманауи технологиялық байланыстың тірек нүктесіне айналуда», — деп түйіндеді спикер.
Айта кетейік, Түркістандағы бейресми саммитке Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы елдердің басшылары қатысуда.



