ТАЙҚАЗАН — ТҮРКІСТАННЫҢ СИМВОЛЫ

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістан қаласында, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі бойында бой көтерген еңселі Тайқазан – киелі шаһардың терең тарихынан сыр шертіп, жарқын болашағына бағыт-бағдар беріп тұрғандай.

Рухани шаһардың айшықты келбетін айқындайтын бұл сәулетті нысан – ұлттық құндылықтар мен тарихи сабақтастықтың, бірлік пен берекенің символы.
Тайқазанның жалпы биіктігі 10,4 метрді құрайды. Оның ішінде тұғырының биіктігі 2,4 метр, ал диаметрі 12 метрге жетеді. Құрылыс металлоконструкция негізінде жүргізіліп, сыртқы бөлігі шыныталшықпен қапталып, көркем нақышпен безендірілген.

Нысанның беткі бөлігінде тарихи-рухани мазмұндағы жазулар бейнеленген. Атап айтқанда, Қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистері, сондай-ақ «Құтты, берекелі болсын», «Бүкіл жаратылыстың иесі – Алла!» секілді тағылымды сөздер бірнеше мәрте өрнектелген.
Тайқазан – Түркістанның рухани қуатын, тарихи тереңдігін және болашаққа деген нық сенімін бейнелейтін ерекше нысан.



