Басты жаңалықтар

БЕРЕКЕЛІ БАСТАМА: Сайлау күні тұрғындарға ұлттық дәмдер ұсынылды

Сауран ауданында Құрылтай сайлауына келген азаматтарға ұлттық тағамдар ұсынылып, сайлау күнінің мазмұнын айшықтайтын ерекше атмосфера қалыптасты. Сайлау учаскесіне келген тұрғындар дауыс беріп қана қоймай, қазақ халқының дәстүрлі қонақжайлығының көрінісіне куә болды.

Дастарханға ұлттық тағамдар қойылып, келушілерге ыстық бауырсақ пен қымыз-қымыран секілді ұлттық дәмдер ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама маңызды саяси күнді ұлттық құндылықтармен сабақтастыра отырып, сайлау учаскесінде жағымды көңіл-күй қалыптастыруға бағытталған.

Қазақы дастарханның сәнін келтірген дәмдерден ауыз тиген тұрғындар бұл күннің естен кетпес сәттерінің біріне айналғанын айтады. Сондай-ақ бұл арқылы халқымыздың ежелден келе жатқан қонақжайлық дәстүрі де тағы бір мәрте дәріптелді.

Айта кетейік, Сауран ауданында бүгінде 42 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Аудан бойынша дауыс беру құқығына ие азаматтардың жалпы саны – 53 310.

Басқа жаңалықтар

Back to top button