Тазалық талабын бұзғандарға миллиондап айыппұл

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тазалық пен қоғамдық тәртіпке бақылау күшейтілді. Нәтижесінде мыңдаған заңбұзушылық анықталып, миллиондаған теңге айыппұл салынды.
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру барысы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды. Өңірде қоғамдық орындардың тазалығы мен тәртібіне бақылау күшейтілген.
Жыл басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабы бойынша 4719 хаттама толтырылып, 135,4 млн теңге айыппұл салынған. Оның 87,9 млн теңгесі өндірілген. Ал 505-бап бойынша 4941 хаттама рәсімделіп, 31,5 млн теңге айыппұл салынса, оның 22 млн теңгесі өндірілген.
Тұрғындардан «Таза Қазақстан» Telegram-чатботы арқылы 1323 өтініш келіп түскен.
Жиында заңсыз қоқыс орындарын жою мәселесі де көтерілді. «Ғарыш Сапары» анықтаған 250 қоқыс орнының 33-і әлі толық тазартылмағаны айтылып, жауапты әкімдіктерге жұмысты жедел аяқтау тапсырылды.
Маусым мен шілде айларындағы мониторинг кезінде облыс бойынша 399 кемшілік анықталған. Оның 349 бей-берекет қоқыс орны, 50 саябақ, скверлер мен аллеялардың күтіміне қатысты болған. Мәжілісте барлық анықталған кемшіліктердің жойылғаны баяндалды.



