Басты жаңалықтар

Сарыағаш айналма жолының құрылысы басталды

Жоба көлік жүктемесін азайтып, транзиттік әлеуетті арттыруға бағытталған.

Түркістан облысында халықаралық транзит үшін аса маңызды Сарыағаш қаласының айналма жолының құрылысы басталды. Аталған жоба өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға серпін беріп, жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды turkistanlife.kz


Жоба Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл бастаманың стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, Сарыағаш Орталық Азиядағы маңызды транзиттік тораптардың бірі болғанымен, қолданыстағы жол инфрақұрылымы қазіргі жүктемеге төтеп бере алмай отыр. Екі жолақты жол тәулігіне 3 мың көлікке есептелгенімен, бүгінде бұл көрсеткіш 18–20 мыңға дейін жеткен. Соның салдарынан жол-көлік оқиғалары жиілеп, көлік кептелісі арта түскен.


Ұзындығы 102,6 шақырым болатын жаңа айналма жол төрт жолақты болып салынады. Жоба аясында 8 көліктік жолайрығы, 2 теміржол өткелі, 22 көпір, 4 демалыс алаңы, 26 қоғамдық көлік аялдамасы және 4 жаяу жүргіншілер өткелі қарастырылған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникалары мен үй жануарлары өтетін арнайы учаскелер де қамтылады.


Жобаның жалпы құны 204 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру халықаралық қаржы институттарының займдары есебінен жүзеге асырылады. Құрылыс жұмыстары 2029 жылы толық аяқталады деп жоспарланған.


Жаңа жол іске қосылғаннан кейін Мақтаарал, Жетісай және Шардара бағыттарындағы көлік қозғалысы едәуір жеңілдейді. Сонымен қатар халықаралық транзиттік әлеует артып, өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізеді.


Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде жол инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы 863 шақырым жол жөнделсе, биыл 1138 шақырымға жуық жолды жаңғырту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, «Дарбаза–Мақтаарал» теміржол желісін жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген.

Басқа жаңалықтар

Back to top button