Басты жаңалықтар

Қазақстанда бірінші сыныпқа қабылдау тәртібі өзгерді

Қазақстанда бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

Жаңа тәртіпке сәйкес, енді бірінші сыныпқа өтініштерді қабылдау мерзімі 1 сәуірден 27 мамырға дейін жүргізіледі. Бұған дейін қабылдау науқаны жаз айларында өтетін. Министрлік бұл өзгерісті оқу процесін тиімді ұйымдастыру және мектеп әкімшілігіне түсетін жүктемені азайту мақсатында енгізіп отыр.

Сонымен қатар, жаңа ереже бойынша мектепалды даярлықтан өткен және сол білім беру ұйымында оқуын жалғастыруға ниет білдірген балалар бірінші сыныпқа автоматты түрде қабылданады. Бұл қадам құжат айналымын қысқартып, ата-аналар үшін рәсімдерді жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Ата-аналардың баласын басқа мектепке беру құқығы толық сақталған. Мұндай жағдайда құжаттарды жалпы белгіленген тәртіп бойынша тапсыру қажет.

Биылдан бастап өтініштерді қабылдаудың өңірлік кестесі енгізіледі. Бұл тәсіл цифрлық жүйелерге түсетін жүктемені теңгеріп, техникалық іркілістердің алдын алуға бағытталған. Әр өңір үшін қабылдау уақыты кезең-кезеңімен белгіленеді.

Жалпы, енгізілген өзгерістер қабылдау ашықтығы мен тиімділігін арттырып, білім беру қызметтерінің сапасын жақсартуға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button