Күн астындағы еңбек
Түркістанда күннің аптап ыстығына қарамастан, қаланың көркін күтіп-баптау жұмыстары бір сәтке де тоқтаған жоқ.

Таңнан кешке дейін «Жасыл Түркістан» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері ойын алаңдарын жөндеп, ағаштарды күтіп, көгалдарды ретке келтіріп жүр.

Қалада жалпы 211 балалар ойын және спорт алаңшасы бар. Оның 127-сіне «Жасыл Түркістан» мекемесі тұрақты күтім жасайды. Ал тұрғындардың өтініші бойынша мекеме қарауына кірмейтін 91 алаңшада да жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл іске арнайы құрылған үш мобильді топ жұмылдырылған.

Қазір Абақ батыр көшесі мен Жібек жолы көшесінің қиылысындағы ойын алаңында жөндеу, сырлау және аумақты арамшөптен тазарту жұмыстары атқарылып жатыр. Мамандар тұрғындардан келіп түскен өтініштерді кесте бойынша кезең-кезеңімен орындауда.

Ойын алаңдарымен қатар, қала көшелеріндегі ағаштарды санитарлық қырқу, қураған бұтақтарды тазалау және көгалдарды шабу жұмыстары да күн сайын жалғасып келеді.

Түркістанның таза әрі жайлы келбеті – аптап ыстыққа мойымай еңбек етіп жүрген тазалық қызметкерлерінің күнделікті еңбегінің нәтижесі.



