Басты жаңалықтар

Аида Балаева: «Әзірет Сұлтан» музейі – ұлттың тарихи жадын сақтайтын іргелі орталық

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымымен кездесті.

Аида Балаева Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымымен кездесті. Басқосуда тарихи мұраны сақтау және музей ісін заманауи талаптарға сай жетілдіру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Министр өз сөзінде жаңарған Ата заңның ел дамуындағы маңызына тоқталып, мәдениет саласына жүктелетін жауапкершілікті атап өтті. Аида Балаеваның айтуынша, республикалық референдумнан кейінгі жаңа кезеңде ұлттық бірегейлікті нығайту мен рухани құндылықтарды ілгерілету алдыңғы орынға шығады. «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы бұл процесте ұлттың тарихи жадын сақтайтын негізгі орталық ретінде айқындалды.

Жиын барысында музей қызметін сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеру жоспарлары қаралды. Атап айтқанда, экскурсиялық қызметтің сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді жүйелеу және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту тапсырылды. Бұл шаралар Қазақстанның мәдени мұрасын әлемдік деңгейде танытуға мүмкіндік береді.

Министр сапар аясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі реставрация жұмыстарымен танысты. 2023 жылдан бері «Қазреставрация» мекемесі нысанның жай-күйін ғылыми тұрғыдан зерттеп келеді. Аида Балаева жұмыс барысында сыртқы эффектілерден гөрі ескерткіштің тарихи шынайылығын сақтау маңызды екенін  айтты.

«Біздің басты міндетіміз – тарихи мұраны сақтап қана қоймай, оны қазіргі ұрпаққа жаңа мазмұнда жеткізу», — деді Аида Балаева кездесу соңында.

Кездесу қорытындысы бойынша министр музей саласын дамытуға бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берді. Бұл бастамалар аймақтың туристік әлеуетін арттыруға және тарихи нысандарды кешенді қорғауға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button